Ресейде бес сайлау учаскесінде дауыс беруге болады. LIVE

Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум кезінде Ресейде бес сайлау учаскесінде дауыс бере алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

5 маусымда Ресейде болатын қазақстандықтар Мәскеудегі Қазақстан елшілігі, оған қоса төрт қаладағы Қазақстанның бас консулдықтарында дауыс бере алады.

Дана Нұржан, тілші:

Мәскеудегі №265 учаскесінде барлығы дерлік дайын. Естеріңізге сала кетейін, бұл рефендум учаскесі Қазақстан елшілігінде орналасқан. Мұнда үш дауыс беру кабинасы орнатылған, дауыс беруге арналған жәшік бар, ол әлі мөрленбеген.  Сонымен бірге тасымалданатын жәшік те дайын, бірақ биыл үйде дауыс беруге өтініштер елшілікке түскен жоқ. Сайлау учаскесіне кіре берісте Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгерістердің мәтіні ілінді. Бесінші маусымда дауыс беруге келгендердің оларды қайта оқуға мүмкіндігі бар. Мәскеуде дауыс беретін қазақстандықтардың көбі студенттер. Қазақстандық дипломаттар олармен кездесулер өткізіп, Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша олардың сұрақтарына жауап берген. Елшілігіміздің өкілін тыңдауды ұсынамын.

Руслан Шаймағанбетов, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің екінші хатшысы:

– Референдум өткізу туралы Жарлық жарияланған сәттен бастап елшілік Конституцияға енгізілетін өзгерістердің мағынасын түсіндіру және ақпараттандыру бойынша жұмыстар ұйымдастырды. Атап айтқанда, елшіліктің сайты мен әлеуметтік желілерінде тиісті хабарландырулар, инфографика, бейнероликтер орналастырылды. Ресей жоғары оқу орындарының қазақстандық студенттері арасында белсенді ақпараттық жұмыс жүргізілді.

Диктор:

– Дана, осы кездесулерде жиі қойылған сұрақтар қандай екен?

Дана Нұржан, тілші:

– Ең жиі қойылатын сұрақ 5 маусымда келіп, дауыс беру үшін қандай құжат керек, жалпы дауыс беру тәртібі қандай деген сұрақтар. Негізі дауыс беремін дегендер 5 маусым күні жергілікті уақыт бойынша таңғы жетіден кешкі сегізге дейін Қазақстан азаматының төлқұжаты немесе жеке куәлігімен келсе жеткілікті. Ресейде жүрген Қазақстанның кәмелетке толған азаматтары Мәскеудегі елшілік пен Санкт-Петербор, Қазан, Астрахань және Омбыдағы бас консулдықтарда ашылған референдум учаскелерінде дауыс бере алады.