Қытайда үш дауыс беру учаскесі ашылды. LIVE

Қытайда елорда уақыты бойынша таңғы сағат 5-те 3 дауыс беру учаскесі ашылды. Бірі – Бейжің қаласындағы елшілікте, екіншісі – Шанхайдағы Бас консулдық ғимаратта, тағы бірі – Гонконгтегі арнайы әкімшілік ауданында ашылған. Қытайдағы меншікті тілші Ботагөз Сырғабаева тікелей байланысқа шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

– Мен Бейжіңдегі №257 дауыс беру учаскесінде тұрмын. Жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7-де Гонконг пен Шанхайдағы №293 пен №294 дауыс беру учаскелері де жұмысын бастады. Олардың барлығы кешкі 8-ге дейін ашық болады. Бұл Қазақстан уақытымен кешкі сағат 18.00-ға дейін. Еліміздің азаматтары тұрғылықты мекенжайына байланысты учаскеге келіп ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумда дауыс бере алады. Қазіргі таңда тіркелген тұрғындардың проценті дауыс беріп үлгерді. Арасында кәмелет жасқа енді толған азаматтар да бар. Оларға естелік ретінде сыйлықтар тарту етілді.

Аңсар Салин, Бейжіңдегі халықаралық бизнес пен экономика университетінің студенті:

– Елім үшін маңызы зор шараға алғаш рет дауыс беріп отырғаныма қуаныштымын. Түзетулер қазақстандықтарға пайдалы болатынына сенімдімін. Сонымен қатар шет елде жүрсем де өз таңдауымды жасауға мүмкіндік алғаныма ризамын.

Жібек Тәттібай, 12 сынып оқушысы:

Мамырда он сегізге толғаннан кейін референдумға қатыса алатыныма қуаныштымын. Елімнің саясатына белсенді түрде қатысып, демократия мен қоғамның дамуына үлес қоса алатыныма үміттенемін.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

– Пандемияға дейін Қытайда дауыс берушілердің басым бөлігі студенттер болатын. 2020 жылы олардың көбі еліне оралды. Осы жолғы тізім бойынша дауыс беруге Бейжіңде шамамен 100 , Шанхайда 25, ал Гонконгта 35 адам тіркелді. Айта кетейік, эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығынан Шанхай қаласында дауыс беру учаскесінің ашылу немесе ашылмау мәселесі туындаған болатын. Сол себепті аймақта санитарлық шектеу шаралары қатаң сақталған. Бетперде мен арақашықтық жіті тексеріліп жатыр. Біз алдағы уақытта да дауыс беру учаскісінен  жаңа ақпаратпен бөлісетін боламыз.