Өзбекстандағы дауыс беру учаскесі Қазақстан елшілігінде ашылды. LIVE

Референдумға байланысты әлемнің түкпір-түкпірінде 65 учаскелік комиссия жұмысын бастаса, соның бірі іргелес Өзбекстанда ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ташкенттегі Қазақстан елшілігінің ғимараты таң сәріден отандастарымызды қабылдап, азаматтық ұстанымын білдіруге жағдай жасап жатыр. Сол елдегі меншікті тілші Рауан Мыңбаев учаскелік комиссия жұмысы және дауыс берушілердің белсенділігі туралы айтып берді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Бауырлас мемлекетте жалпыхалықтық референдумға байланысты бір ғана учаскелік комиссия жұмыс істейді. Ол Ташкенттің Абай көшесі бойында орналасқан Қазақстан елшілігінде ашылды. Бұл жерде елордамен салыстырғанда айтарлықтай уақыт айырмашылығы бар. Қазір Ташкентте сағат тілі енді 10-нан асты. Дегенмен дауыс берушілердің тарапынан жоғары белсенділік байқалады. Саяси науқанға іргелес елде тұрақты және уақытша негізде тұрып жатқан отандастарымыз қатысып жатыр. Учаскелік комиссия алғаш болып дауыс берген азаматтарға референдумнан естелік ретінде арнайы сый-сияпат та ұсынды. Соның бірі – Ташкент облысы Жаңажол ауылының тұрғыны Әуелбек Есенбаев. Ол тоқсаныншы жылдары өткен референдумға да қатысқан. Осы елде еңбек етіп, кәсіппен айналысып жүргеніне ондаған жылдан асты. Жырақта жүрсе де, Отанда болып жатқан өзгерістерге бей-жай қарамайтын қазақстандықтың пікірін назарларыңызға ұсынамыз.

Әуелбек Есенбаев, дауыс беруші:

Маңызы үлкен. Ұрпақтарымыз үшін. Бұл конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер Қазақстанның өрокендеуіне, байлығын жұрты пайдалануына маңызды деп білемін.

Рауан Мыңбаев, тілші:

Дауыс бергендердің арасында жас та, жасамыс та болды. Қарапайым еңбеккер, студент, ресми орган өкілдері, зейнеткерлер азаматтық белсенділік танытып жатыр. Таңғы 7-де басталған саяси науқан жергілікті уақыт бойынша кешкі 8-ге дейін жалғасады. Яғни елорда уақыты бойынша 9-да аяқталуға тиіс.

Құрасбек Сәдібеков, учаскелік комиссия мүшесі:

– Азаматтарымызға бар жағдай жасалды.Елшілік ғимаратында екі дауыс беру кабинасы және жәшігі орнатылды. Таңертеңнен елшілік ғимараты ашылып, комиссия мүшелері науқанның жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз етіп жатыр. Дауыс берушілердің тізіміне негізінен Өзбекстанда тұрақты және уақытша тұрып жатқан қазақстандықтар енді. Арасында елшілік қызметкерлері, яғни дипломаттар да бар. Ресми, жеке және туристік мақсатта жүрген отандастарға келсек, олардың да бір парасы конституциялық түзетулерге бей-жай қарамайтынын білдіріп, азаматтық позиция танытып жатыр.

Рауан Мыңбаев, тілші:

Ата Заңға өзгеріс енгізуді көздейтін референдум мұнымен тоқтап қалмайды. Өзбекстанда жүрген кез келген отандасымыз елшілік ғимаратына келіп, таңдау жасай алады. Еске салайын, бауырлас елде бір ғана учаскелік комиссия жұмыс істеп тұр. Оның тізіміне 500-ден астам отандасымыз тіркелген.