loader

Қазақстандағы 17 кәсіпорынды норвегиялық компаниялар қаржыландырып отыр СІМ баспасөз қызметі

Қазақстандағы 17 кәсіпорынды норвегиялық компаниялар қаржыландырып отыр

Еліміздің экономикасына Корольдік тарапынан құйылған инвестициялар көлемі 164 млн доллар болып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осыдан 30 жыл бұрын екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Норвегия – Қазақстанның Еуропадағы маңызды әріптестерінің бірі. Тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде мемлекеттеріміз арасындағы сындарлы саяси диалог серпінді дамып, өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық өрісі айтарлықтай кеңейді.

Екі ел де халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша ұқсас ұстанымда және БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық құрылымдар аясында тығыз ынтымақтастықта. Екі мемлекет халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де елеулі үлесін қосуда. Атап айтқанда, Корольдік Қазақстанда Атом энергиясы халықаралық агенттігінің қамқорлығымен Төмен байытылған уран халықаралық банкін құруды қолдаған мемлекеттер тобына қосылып, осы халықаралық бастаманың донорларының бірі болды.

Тараптар экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында кешенді жұмыс атқаруда. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 85 млн АҚШ долларын құраған тауар айналымын жақын келешекте еселеу жоспары тұр. Қазіргі таңда Қазақстанда Норвегия капиталының қатысуымен 17 кәсіпорын жұмыс істейді. 

Тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға үлкен мән береді. 2002 жылы ЮНЕСКО мен Норвегия мәдени мұра директораты бірлесіп Таңбалы петроглифтерін меңгеру, сақтау және таныстыру жобасын іске асырған болатын. Нәтижесінде, 2004 жылы петроглифтер ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді.

Қазақстан мәдениетін әлемге паш ету жұмыстары аясында екі ел арасындағы ынтымақтастық тарихында алғаш рет Абайдың таңдаулы поэзиясы мен «Қара сөздері» норвег тіліне аударылып, шығарылды.

Екі ел Үкіметі әлеуеті мол Қазақстан-Норвегия ынтымақтастығын одан әрі тереңдету және өзара тиімді әріптестіктің жаңа көкжиектерін игеру мақсатында бірлескен жұмыс аясын кеңейтуде.

 

 

Сондай-ақ...