Әйел зейнетке 58 жасында шығуы мүмкін – Сенат

Бұл мәселе зейнет жасына жақындап қалған әр әйел үшін маңызды екені анық. Бүгін сенатор Дана Нұржігіт өзекті мәселені қайта қозғады,  деп хабарлайды «Хабар 24».

Депутаттың сөзіне Қазақстандағы азаматтардың өмір сүру жасы пандемиядан кейін төмендеп кеткен. Сондықтан жағдайды қайта қарап, оң шешім қабылдайтын кез келді дейді.

Дана Нұржігіт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Осыған дейінгі заңда әйел адамдар 63 жаста зейнетке шығу керек дейді. Өмір сүру жасы – 71 жас. Сонда бар жоғы өмір қызығын көруге сегіз-ақ жыл бар ма? Бұл өз азаматтарымызға деген не деген мейрімсіздік. Үкімет ауыр мамандық иелерінің зейнетке шығу жасын төмендетуді қарастырып жатыр. Бұл жерде бәрін бөлек-бөлек қарамай әйелдердің де зейнетке шығу жасын да осы жерде қарап, бұл мәселені тездету керек сияқты. Бұл мәселенің шешімін күткен жандар көп.

Қолданыстағы заң бойынша әйелдердің зейнетке шығатын жасына 2018 жылдан бастап жыл сайын алты ай қосылып келеді. Осылайша, әйелдің зейнет жасы ер-азаматпен теңестіріліп, 63 жасқа жетеді. Ширек ғасырдан аса еңбек етіп, енді немере бағып, үйде отырар сәтте таңнан кешке дейін жұмыста жүру әйелдің көбіне қиын, - дейді мамандар.

Лейла Көленова, Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының төрағасы:

- Көптеген тәрбиешілер зейнетке шығу мүмкіндігінен айырылды. 63 жаста кішкентай балалармен қалай жүгіріп жүре? Егде әйелге әр балаға қарап қана қоймай, оларды ойнатып бірге жүру деген өте қиын. Бір емес, 20 балаға жауап береді.

Сенатор Дана Нұржігіт қазақстандық әйелдердің жұмысы мен өмірін әлемдік стандарттармен өлшеуге болмайды,- дейді. Мысалы, Жапонияда аналар 65 жаста зейнетке шығады. Бес жыл ерте кетем десе де өз еркі. Себебі күншығыс елінде өмір сүру ұзақтығы 87 жасты құрайды.  Қазақстандық әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайту туралы шешім 2015 жылы қабылданған. Онда әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 71 жас деп есептелген. 2021 жылы бұл көрсеткіш 70 жас деп төмендеді. Ал, 2020 жылы пандемияға байланысты елімізде өлім-жітім 22% өсіп кеткен.

- Зейнеткерлік жасын төмендетуді қолдаймын.

- Төмендетсін. 55 жас қазақстан әйелдеріне жақсы, 63 жас деген көп.

- Әйел адамның қызметтен бұрын жұмыстары көп. Үй жұмысы, бала тәрбиесі. Қалалық емес, ауылдық жерлерде қызмет ететін әйелдерге, тіпті, қиын. Сондықтан жасын төмендету керек.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Бұл мәселе Парламент қабырғасында бірнеше мәрте қозғалды. Депутаттың сауалына Үкімет құлақ түрсе, қазақстандық аналар бұдан былай зейнеткерлікке 58 жастан шығуы мүмкін. Аналардың үміті Үкіметте.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Ерзат Зайытхан