Ұлытау облысының әкімін тағайындау ел үшін тарихи сәт болды

Залда жаңадан құрылған Ұлытау өңірінің барлық денгейдегі Мәслихат депутаттары. Мұндай құрамда олар алғашқы рет жиналып отыр. Тарихи жиын десе болады. Өйткені тұңғыш рет балама негізде облыс әкімін анықтау міндеті осы ұлытаулық депуттарға артылып отыр. Өңір басшысын тағайындаудың мұндай жаңа тәсілін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. Ол 5 маусымда өткен референдумда қазақстандықтар тарапынан қолдау тапты. 

Мұрат Нұртілеу,  ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы:

- Өңір әкімдерін тағайындаудың жаңа тәртібі бекітілген болатын. Алғашқы рәсім міне Ұлытауда өтіп отыр. Мұның өзіндік символикалық мәні бар шығар. Мемлекет басшысын да өздеріңіз білесіздер, ең алғашқы бастамаларын осы Ұлытаудан басталған еді. Жошы ханның басын көтерді.

Мемлекет басшысы Ұлытау облысының әкімі лауазымына кандидат ретінде осы өңірдің екі тумасын ұсынған болатын. Үміткерлер аймақты дамытуға арналған өз бағдарламаларын таныстырды. Екеуі де кезінде Ұлытау қаласының әкімі болған. Сондықтан оларға өңірдің тыныс-тіршілігі таңсық емес. Десек те, 64 депутаттың 51-і Берік Әбідғалиұлын қолдап, дауыс берді. 

Берік Әбдіғалиұлының жасы елуде. Еңбек жолын балалар кітапханасында кітапханашыдан бастаған. Бүгінде тарих ғылымдарының кандидаты. Елге танымал саясаттанушы, қоғам қайраткері. 

Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:

- Экономиканы осы жерде әртараптандыру алдымызда тұрған үлкен міндет. Жаңа кәсіпорындар бар, инвестицияның тиімділігін арттыру. Басқа проблеманы айтпағанда, экология тұрғын үй мәселелері де өз шешімін күтуде. Әрине бұл мәселелердің барлығын тез арада шешу мүмкін емес. Дегенменде халықтың игілігі үшін, әр проблеманы шешіп отыру біздің тікелей міндетіміз.

Жаңа әкім жергілікті халыққа жақсы таныс. Бұл жолы оған артылып отырған жауапкершілік жүгі ауыр екендігін мұндағылар жақсы түсінеді. Және сол сенім үдесінен шығып, өз алдына дербес өлке атанған  Ұлытауда оң өзгерістер болатыныдығына кәміл сенеді.

Ғазиз Ештанаев, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Қордаланып қалған мәселелер бар. Инфрақұрылымға, экономикалық жағдайға, әлеуметтік жағдайға байланысты мәселелер шешіледі. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Жезқазғаннан жастар енді кетпейді. Бұл деген сөз болашақта жақсы білікті кадр мәселесі шешіледі деген сөз.

Алда тұрған мақсат биік, міндет айқын. Ұлытау тарихи маңызына сай Жаңа Қазақстанда  өз орынын алмақ. Осы өрлеу кезеңінінің алғашқы қадамы да жасалды. Жақында киелі Ұлытау төрінде Ұлттық құрылтай өткізіліп, елдік бағыттағы келелі мәселелер талқыланбақ.

Мағауия Қалиев, Юлана Чаус, Сайран Ақамбаев