Қазақстан елшісі Тәжікстан президентіне сенім грамоталарын табыстады

Қазақстан елшісі Тәжікстан президентіне сенім грамоталарын табыстады
ҚР СІМ

Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы елшісі Уәлихан Төреханов Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонға сенім грамоталарын табыстады, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Рәсім барысында Тәжікстан Президенті Э.Рахмон Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ізгі тілектерін жеткізіп, екі ел арасындағы достыққа, өзара құрметке, қолдауға және ұлттық дәстүрлер мен құндылықтардың ұқсастығына негізделген саяси диалог пен стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін атап өтті. Тәжікстан басшысы сондай-ақ нығайып келе жатқан мәдени-гуманитарлық байланыстарға және тауар айналымының көлемі 1 млрд АҚШ долларынан асатын сауда-экономикалық өзара іс-қимылды қарқындатуға қатысты қанағаттанушылық білдіріп, осы салада елеулі әлеуеттің бар екеніне ерекше назар аударды.

Елші У.Төреханов өз кезегінде Қазақстан Тәжікстанды өзінің негізгі халықаралық серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын атап өтіп, екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша қазақ-тәжік қатынастарын нығайту үшін бар күш-жігерін салатынына сендірді.