Ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құрамыз? Тоқаев жауабы

Президент мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір кланның мүшесі ретінде қарамау керектігін айтты. Кадрлардың орнын ауыстыруда да байыптылық керек.

«Әділетті Қазақстанды құру кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашан да бағалы. Мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір кланның мүшесі ретінде қарауға болмайды. Әрине, олардың құрамын жаңартып отырған дұрыс. Бірақ мұны терең ойланып, байыппен жасау қажет. Кадрларды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайды. Әлеуметтік желіде «ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл орынды сұрақ. Бірақ негізінен кадрларды біртіндеп ауыстыру керек», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы шенеунік деген сөздің жағымсыз ұғымға айналып бара жатқандығына да шүйлікті.

«Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Тіпті, оларды «Халық жаулары» сияқты көретіндер де бар. «Шенеунік» деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес. Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Бірақ, өкінішке қарай, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген де бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз. Болашақта да солай болады», – деді ол.