Ұлттық құрылтай шетелдегі ағайын үшін де маңызды

Ұлытаудағы Ұлттық құрылтай тек атамекен үшін ғана емес, шетел қазақтары үшін де жаңа бір белес болмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түркиядағы қандасымыз Мимар Синан университетінің профессоры Абдулуахап Қара осылай дейді. Оның айтуынша, құрылтайда қандастар мәселесі бойынша «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы өкілдік етеді. Бұл өз кезегінде, алыстағы ағайынға мемлекет басшысының көрсеткен құрметі дейді профессор.

Абдулуахап Қара, Мимар Синан университетінің профессоры:

– Бүгін қасиетті Ұлытау өңірінде өтіп жатқан ұлттық құрылтай Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» идеясын жүзеге асыру барысындағы маңызды шешімнің бірі ретінде жоғары бағалаймын. Әсіресе, елімізге қара бұлт болып төнген қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін ұлттың бірлігі мен ынтымақтастығын нығайту жолындағы ұлы бастама болып табылады. Бұл ұлы бастамада да шетел қазақтарының мәселелеріне де көңіл бөлінгені құптарлық. Өйткені, осы құрылтайдың 117 өкілдері ішінде шетел қазақтарының жанашырлары да бар.