Сирия келіссөзі: Шам елінде бейбітшілік орнатуға маңызды қадам жасалды

Сирия ел ішіндегі қарулы қақтығыстың зардабын әлі тартып келеді. Елдегі саяси ахуал тұрақталған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігі әлемнің назарында. Осы себеппен елордада мүдделі тараптар бас қосты. Сирия жөніндегі Астана процессінің 18-ші раунды өз мәресіне жетті. Сөйтіп Шам елінде бейбітшілік орнатуға бағытталған тағы бір маңызды қадам жасалды. Бас қалада екі күн бойы негізгі ұсыныстар нақтыланып, кепіл мемлекеттер бірлескен мәлімдемесін жариялады. Сонымен Иран, Ресей және Түркия мемлекеттері бірлескен мәлімдемесінде Израильдің Сирияға жасаған әскери шабуылдарын сынап, Шам елінің тұтастығы мен тәуелсіздігін мойындайтынын айтты. Сондай-ақ террористік шабуылдарды қолдамайтындарын жеткізді. 19 тармақтан тұратын құжаттың ішінде қақтығыстан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмекті көбейту мен босқындарды туған жерге қайтару мәселелері де қамтылған.

Санат Көшкімбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары

Айта кету керек, Астана процесінде 5 жылдан бері Сириядағы ахуалды тұрақтандыруға байланысты үлкен шешімдер қабылданды. Гуманитарлық дәліз жасау арқылы, қарсы тараптың қарамағындағы аудандарға да дәрі-дәрмек, азық-түлік жағынан көмектесе алдық. Әскери тұтқындарды өзара айырбастауға да мүмкіндік туды. Түптеп келгенде, елордадағы алаң қос тараптың бір-біріне деген сенімін арттыруға сеп болады.  

Сирия тоқтаусыз соғыстан, қарулы қақтығыстан әбден қажыды. Сыртқы саясат та оңып тұрғаны шамалы. Өзара қырқысу сәл саябырсығанымен Израильдың әскери шабуылы, Түркияның қоқаң-лоқы әрекеті мәселені ушықтырып тұр. Елордадағы келіссөз аясында бұл тақырып та көтерілді.

Айман Сусан, Сирия СІМ басшысының орынбасары:

– Түркия түрлі амалды ойлап тауып, біздің тәуелсіздігімізге қауіп төндіретін шешімдерге барып отыр. Ердоған мен оның жанындағылар Түркиядағы ішкі саяси-экономикалық қақтығыстардан қашып, оны сыртқа шығарып тастау үшін барын салуда. Мұны жақында өтетін Президент сайлауында пайдаланбақшы. Бұл халықаралық гуманитарлық заңдарға қайшы және сириялықтарға жасалған қылмыс деп есептеймін.

Одан бөлек, жиында Сирия концституциялық комитетінің отырысын Женевадан көшіру мәселесі де қаралды. Кей тараптардың пікірінше, Женева алаңы бұл оқиғаға қатысты бейтараптылықты сақтауға қауқарсыз. Егер бұл ұсыныс мақұлданған жағдайда негізгі алаңның орны ауысады. Ресей тарапы бұл орынға Қазақстанның да қаралуы мүмкін екенін айтып отыр.

Авторлары: Бекзат Аманов, Диас Ковланбаев