Тоқаев: Еуразиялық экономикалық одаққа жаңа сауда стратегиясы қажет

Қазір біздің өңірлер үшін санкциядан гөрі Азия мен Таяу Шығыс елдерінің нарығына шығу, тығыз байланыс орнату әлдеқайда тиімді.

Осы орайда Қазақстан аталған елдердің арасын жалғаушы нарықтың ролін атқара алады. Бүгін Петербург халықаралық экономикалық форумының алаңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ой айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одаққа жаңа сауда стратегиясы қажет екенін мәлімдеді. Және одақтан тыс елдермен арадағы байланысқа да тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алдағы онжылдықта Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері өңірлік экономикамыздың ірі инвесторы бола алады. Қытай қазірдің өзінде Қазақстанның негізгі экономикалық және сыртқы сауда серіктесіне айналды. Бұл ел соңғы 15 жылда экономикамызға 21 миллиард доллардан астам инвестиция құйып үлгерді. Сондықтан Қытаймен көпжақты ынтымақтастықты тереңдету еліміз үшін аса маңызды міндет болып табылады. Тек саяси мәселелер емес, бизнес байланысты нығайту, жаңа көліктік-логистикалық дәліздерді салу қажет.