Полиция өз жұмысын ашық жүргізіп, халыққа жақын болуы тиіс – Қ.Тоқаев

Мемлекет басшысы Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиында сөз сөйледі.

Қадірлі Ішкі істер органдарының ардагерлері! 

Құрметті офицерлер!

Бұл – тәуелсіздік тарихындағы айтулы белес. Құқық қорғау жүйесі – мемлекеттігіміздің берік негізі.  Сондай-ақ, елдегі тұрақтылықтың басты кепілі.     Заңның орындалуын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау – жауапкершілігі мол жұмыс. Өткен жылдарда ішкі істер саласына ауқымды әрі жүйелі реформа жасалды. Соның нәтижесінде полициямыз өз міндетін жоғары деңгейде атқаруда.

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде құқық қорғау жүйесі түрлі сын-қатермен бетпе-бет келді. Өтпелі кезеңдегі ахуал қандай күрделі болғанын жақсы білесіздер. Полиция қылмыспен табанды түрде күресті.  Сол арқылы бизнестің қалыптасуына жағдай жасалды. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету  айрықша маңызды болды. Мұның бәрі көзсіз ерлік пен тынымсыз еңбекті талап етеді. Сіздер қиын кезде антқа адал болып, халыққа қызмет еттіңіздер.  Мен барша полиция ардагерлеріне зор алғыс айтамын. Тәртіп сақшыларының жаңа буыны Сіздерді үлгі-өнеге тұтады.    

Құқық қорғау қызметкерлеріне айрықша міндет жүктелген.  Әрқашан ширақ қимылдап, батыл әрекет жасау – кәсібиліктің белгісі. Бұл, әсіресе, қаңтар оқиғалары кезінде анық байқалды. Тәртіп сақшылары отаншылдықтың шынайы үлгісін көрсетті. Дегенмен, бейқам отыруға болмайды. Заман күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Оның бәрі ішкі істер органдарының түбегейлі өзгеруін талап етеді. Біз болашаққа нық сеніммен қадам басуымыз қажет.  Қуатты мемлекет болу үшін мызғымас тұрақтылық, темірдей тәртіп орнауы керек. Бұл – еліміз үшін стратегиялық міндет. Отандық полиция осы міндетті абыроймен атқаратынына мен кәміл сенемін.

Сіздер елімізді жан-жақты жаңғыртуға зор үлес қоса аласыздар. Билік пен қоғамның арасына дәнекер болу – өте маңызды міндет. Азаматтармен қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастыру қажет. Сондай-ақ, қызмет сапасын жақсарта түсу керек.        

Полиция өз жұмысын барынша ашық жүргізіп, халыққа жақын болуға тиіс. Бюрократиядан арылатын уақыт әлдеқашан жетті. Бұл саяси кесел халықпен тікелей жұмыс істеуге кедергі келтіреді. Тұрғындардың орынды сын-ескертулерін  дұрыс қабылдаған жөн.  Олардың тиімді ұсыныстарын және бастамаларын мұқият қарау қажет. 

Шын мәнінде, қазір азаматтық қоғамның көзі ашық. Олар қауіпсіздік саласындағы түйткілдерді шешуге  белсенді түрде қатыса алады. Сондықтан, Полиция қызметінің сервистік үлгісін учаскелік деңгейде ғана енгізу аздық етеді. Министрліктің басқа да құрылымдары осы үлгіге көшуі керек. Әсіресе, халықпен тығыз жұмыс істейтін салаларға баса мән берілуге тиіс.   

Сервистік үлгінің басты ерекшелігі – құқық бұзушылықтың алдын-алу. Бұл істе жүйелі ұстаным болуы қажет. Қоғамға қарсы іс-әрекет туғызатын жағдайларды түбірімен жойған жөн. Жағымсыз әлеуметтік факторлардың ықпалын азайту керек. Әсіресе, заңды белден басуға бейім адамдардың тәртіп бұзуына жол беруге болмайды. Мұның бәрі Ішкі істер министрлігі ғана атқаратын жұмыс емес. Бұл – өзге мемлекеттік органдарға да ортақ міндет.

Бізде құқық бұзушылықтың алдын-алу жөніндегі комиссиялар бар.  Республикалық және өңірлік деңгейдегі осындай комиссиялардың мүмкіндігін толық пайдаланған жөн. Әкімдер де аймақтың тұрақтылығы мен тыныштығына жауапты. Үкімет олардың осы бағыттағы жұмысына қойылатын талапты қайта қарауы қажет. Аймақтың қауіпсіздігі – өте маңызды.

Келесі мәселе.

Ел ішіне іріткі салатын жат идеологиялар қоғамға қатер төндіреді. Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде жұртты заң бұзуға итермелейтін ағымдар өте көп. Олардың жолын кесу үшін басқа да құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс атқару керек. Қоғамдық ұйымдармен тығыз
қарым-қатынас орнатқан абзал.

Бүкіл құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – заңнаманың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету. Сол мақсатпен  былтыр елімізде қылмыстық процестің үш буынды үлгісі енгізілді. Бұл қадам азаматтардың конституциялық құқықтарын тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Істерді тергеу сапасын арттырады. Сондай-ақ, заң нормалары дұрыс қолданылатын болады. Бірақ, Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру үшін қылмыстық процесті одан әрі жетілдіру қажет. Сот төрелігі ашық әрі қолжетімді болуға тиіс. Әділетсіздік жайлаған мемлекет құрдымға кететінін жақсы білесіздер. Бәріне бірдей, әділ әрі түсінікті заңнамасы бар ел ғана мықты болады. Біз барлық азаматқа тең мүмкіндік беретін қоғам құруымыз керек.  

Тағы бір маңызды міндет – әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау.  Министрлікте осындай істерді тергеумен айналысатын арнаулы бөлім қайта ашылды. Бұл дұрыс.

Менің тапсырмам бойынша биыл әйелдер мен балаларға кешенді қолдау көрсететін орталықтар құрылды. Бұл орталықтар қазір пилоттық режимде жұмыс жасап тұр. Онда психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, тиісті сараптамалар жасалады. Арнайы даярлықтан өткен тергеуші әйелдер зардап шеккен жандарға жәрдем береді. Жалпы, бұл орталықтар тиімді жұмыс істеп жатыр. Мұндай орталықтарды бүкіл ел аумағында ашып, ауқымын кеңейту керек. Үкіметке және әкімдерге осы жұмысты қолға алуды тапсырамын.

Біз аналар мен балалардың бақытты өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет. Сол арқылы өркениетті, дамыған елдің берік тұғырын қалыптастырамыз.

Тағы бір маңызды мәселе.

Біз, әсіресе, қазіргі уақытта қоғамда орын алып жатқан қызу пікірталастар кезінде саяси әділдік мәселесі туралы ұмытпауымыз қажет. Өз елінің дамуына лайықты үлес қосқан қоғамдық-саяси көшбасшыларын, ғылым және мәдениет қайраткерлерін қадір тұтпайтын халықтың келешегі де бұлыңғыр болмақ.

Біз, қазақ халқы, саяси тұлғаларымыздың еңбегіне құрметпен, парасаттылықпен қарауымыз қажет. Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлғасына да қатысты ақиқат. Оның тәуелсіз елімізді құру ісіне сіңірген еңбегін  бүкіл әлем қауымдастығы мойындады. Сондықтан, Тұңғыш Президенттің тарихи рөліне құрметпен қарау – бәрімізге ортақ міндет. Оның саяси мұрасына келешек ұрпақ әділетті бағасын бермек. Ал, қазіргі ұрпақ өкілдері еліміз үшін табанды жұмыс істеуі керек. Біз бәріміз халық ретінде, ең алдымен, еңбекқор болуымыз қажет. Саяси ойындарға тосқауыл қойған жөн.

Біз өткенге жалтақтамай, жарқын болашағымызға зор сеніммен қадам басуымыз керек. Көп сөздің қажеті жоқ, нақты іске көшуге тиіспіз. Басты міндет – осы.

Құрметті офицерлер!

Біз құқық қорғау жүйесіне түбегейлі реформа жасауды көздеп отырмыз. Бұл өзгерісті халықтың қолдауымен ғана табысты жүзеге асыра аламыз. Референдумның нәтижесі бағдарымыздың дұрыс екенін көрсетті. Алдымызда ауқымды жұмыс бар. Басты міндет – полицияның ұстанымын өзгертіп, жұмыстың жаңа үлгісіне көшу. Бұл – негізгі мақсат азаматтармен тығыз жұмыс істеп, қылмыстың алдын алу деген сөз.

Құқық қорғау органдарының жұмысы –  ауыр әрі қатерлі. Бұл саладағы әрбір маманның қызметі маңызды. Халқымыздың бейбіт өмір сүріп, өз елінің болашағына сеніммен қарауы – сіздердің адал қызметтеріңізге байланысты.  Жұрт өздеріңізге үміт артады. Қауіпсіздігімізді қорғайды деп сенеді.  Сіздер осы сенімді ақтап келесіздер. Құқық қорғаушылардың еңбегі қашанда жоғары сый-құрметке лайық.

Бүгін Ішкі істер министрлігінің ең үздік қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырылады. Мен қажырлы еңбегі үшін барлық тәртіп сақшыларына ризашылығымды білдіремін.

Төл мерекелеріңіз құтты болсын! Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!