Өскеменде Сенат комитетінің көшпелі отырысы өтті

Кеңейтілген көшпелі отырыстың Шығыста өтуі бекер емес. Өйткені, өңірдің ауыл шаруашылық әлеуеті өте жоғары. 

Бірнеше министрлік өкілдерінің басы қосылған жиында шағын шаруашылықтарды дамыту жайына баса мән берілді. Өйткені, мал шаруашылығындағы өнімдердің 70 пайызға жуығы осы салаға тиесілі. 

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

- Өткен жылы ауыл шаруашылық жалпы өнімі 874 миллиард теңгеден асып, үш есе өсті. Ауыл шаруашылығы жалпы ішкі өнімінің үлесі республикалық көрсеткіште 12 процентті құрады.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Сол өнімдердің кемшілігі – сапасының төмендігі. Халықаралық дәрежедегі стандарттарға жете бермейді. Оны сол сапаға дейін көтеру үшін шағын шаруашылық кооперативтерін ұйымдастыру керек. Шығыс Қазақстанда сондай оң өзгерістер бар.

Көшпелі отырыста Шығыстың бренді саналатын омарта мен марал шаруашылығына субсидия беріле ме деген сұрақ та қойылды.   

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Жаңа субсидиялау жүйесі қазір ғана талқыланып жатыр. Дайын жүйе жоқ. Министр ретінде осы болады, осы болмайды деп қазір айта алмаймын Себебі, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қандай субсидия түрлерінің болатыны тікелей шаруалармен ақылдасып, сол мақсатта құрылған жұмыс тобында талқыланғаннан кейін шешім шығады.

Жиында ветеринария саласының өзекті проблемалары, өңірдегі су арналарының жағдайы да тілге тиек етілді. Сенаторлар шаруаларды толғандырған мәселелерді құзырлы орындарға жеткіземіз деп тарқасты.

Авторлары: Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин