Пусан қаласында Қазақстан-Корея байланысының бағыттары талқыланды

Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында Қазақстан-Корея байланысының жаңа бағыттары талқыланды.

Бұл шаһарда Еуразия қалаларының форумы өтті. Нұр-Сұлтан мен Сеул арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді, дейді елші Бақыт Дүйсенбаев. Мәселен, былтыр тауар айналым 3,2 миллиард АҚШ долларын құраса, биыл 5 айдың ішінде 2,3 миллиардтан асты. Өңіраралық байланыстар да артып келеді. Алматы мен Пусан қаласының билігі өзара келіссөз жүргізіп жатыр. Тікелей маусымдық әуе қатынасын ашу мүмкіндігі қаралады. Қазақстандық режиссерлер танымал веб-сериалдың жалғасын Пусанда түсіруді жоспарлап отыр. Корея әлемдегі күрделі геосаяси жағдайға байланысты өз тауарларын сыртқы нарыққа жеткізу жолдарын іздейді. Әсіресе Орталық Азия арқылы транзитті арттыруды көздейді.

Бақыт Дүйсенбаев, ҚР Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

- Көптеген тауарларды жеткізу жолдары бұзылды. Бір белдеу – бір жол дәлізін алсақ, Трасека еуропалық және тағы басқа әртүрлі дәліздер Орталық Азиядан өтеді. Азық-түлік қауіпсіздігі. Орталық Азия елдерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеуде үлкен әлеуеті бар.

Ом Гу Хо, Азия-Тынық мұхиты зерттеу орталығының директоры:

- Қазақстан Президенті алдыңғы қатарлы саяси даму мен демократияландыру жолында көп жұмыс атқаруда. Қазақстан мен Корея адам өмірінің қауіпсіздігін арттыру үшін білім беру және денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастыққа назар аудару қажет. Біз сақтандыру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру салаларында ынтымақтаса аламыз.