Ұлыбританияда «Қазақстан. Мемлекетке шолу 2022» жинағы шықты

«Қазақстан. Мемлекетке шолу 2022» анықтамалығы жыл сайын жарық көретін басылым. Оның ішіндегі мәліметтер жылда жаңартылып отырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сапалы ағылшын тілінде жазылған кітапты шығарудағы басты міндет – ағылшын тілді аудиторияға еліміз туралы соңғы және шынайы ақпараттарды жеткізу.

Жанболат Үсенов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісінің орынбасары:

- Ерекше анықтамалықты Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі дайындады. Оның ішіне мемлекетіміз туралы әрқилы ақпараттар енгізілген. Атап айтқанда, туризм тақырыбын толық қамтыған: еліміздегі ерекше қорықтар, шетелдік саяхатшыларға арналған маршруттар жайлы жазылған. Саясат туралы да әңгіме қозғалады: Қазақстанда жүргізіліп жатқан соңғы саяси реформалар жайлы сөз болады.

Кітап тұсаукесері ұйымдастырылған елшілікте ине шаншар орын болмады. Британиялық саясаткерлер, бизнес қауымдастық өкілдері, ғалымдар және журналистер баяндамашыларды ұйып тыңдап, Қазақстанда болып жатқан соңғы жаңалықтар туралы сұрақтарын жаудырды. Оларды қайғылы қаңтар оқиғаларының себеп-салдары әсіресе қызықтырды.

Лорд Дэниел Бреннан, Ұлыбритания парламенті Лордтар палатасының мүшесі:

- Мен Ұлыбритания парламенті Лордтар палатасының мүшесі ретінде халықаралық тақырыптарды зерделеп отырамын. Көптеген елдерде үлкен өзгерістер болып жатыр. Қазақстанда қаңтар айында орын алған оқиғалардан кейін ел басшылығы билікті қолға алып, Жаңа Қазақстан құруға талпынғаны қуантады.

Шараны британиялық Халл және Хамбер өңірі мен қазақстандық Ақтау қаласы арасындағы инфрақұрылымдық ынтымақтастықты белсенді дамытып жатқан Қазақстанның Англиядағы Құрметті консулы, танымал журналист және бизнесмен Алан Спенс жүргізді. Ол кітаптың елімізбен жұмыс істейтін немесе қарым-қатынас орнатуға қызығушылық танытатын кез-келген шетелдік үшін таптырмас ақпарат көзі екенін айтады.

Алан Спенс, Қазақстанның Англиядағы құрметті консулы:

- Қазақстанның танымалдылығын арттыру әлі де қажет-ақ. Қайда орналасқан, экономикалық тұрғыда қаншалықты мықты екенін айғақтайтын қарапайым мәліметтерді кеңінен тарату керек. Ел егемендігінің 30 жылдығы ұзақ мерзім. Бірақ бүкіләлемдік тарихта бұл қас-қағым сәт қана. Сондықтан бұл анықтамалық әрбір оқырманның жұмыс үстелінде тұруы тиіс.

Басылым Біріккен Корольдікте орналасқан елшіліктерге және мемлекеттік органдарға жіберілді. Бір данасы Премьер-министр Борис Джонсонға да табысталды. Үкімет мүшелері, парламент депутаттары және ірі бизнесмендер де Қазақстан туралы соңғы ақпараттармен танысуға мүмкіндік ала алады. Жүздеген данамен шығарылған басылымның электрондық нұсқасы да қолжетімді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы