Президент Astana Finance Days қатысушыларына бейнеүндеу жолдады

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде халықаралық қоғамдастықтың бұрын-соңды болмаған геосаяси және экономикалық тұрақсыздыққа тап болғанын атап өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Барлық сын-қатерлерге қарамастан, біздің еліміз ашық, инновациялық әрі бәсекеге қабілетті экономикалық модель құруға ұмтылып жатыр», – деді мемлекет басшысы. Осы ретте бизнес өкілдерінен жаңа ережелерге тез бейімделуі мен әлеуметтік жауапкершілік күтетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз үшін экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік қағидаттарды құрметтейтін инвесторларға қолдау көрсетіп, жағдай жасау өте маңызды. Елімізде жұмыс істейтін компаниялардың осындай стандарттарға сәйкес келетіні қуантады. Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан үшін логистикалық бағыттарды әртараптандыру мәселесі маңызды. Бұл тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік бағыты стратегиялық маңызға ие болып тұр. Біз порт инфрақұрылымын жаңғыртып, Каспийдегі теңіз флотын күшейтуді жоспарлап отырмыз. Осы бағытта Әзербайжан, Грузия және Түркиямен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз.