ТҮРКСОЙ аясында Қазақстанның белгілі тұлғаларының мерейтойларын атап өту мәселелері талқыланды

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесу өткізді.

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Ең алдымен А.Рахметуллин С.Раевты ұйымның Бас хатшысы лауазымына сайлануымен құттықтап, ТҮРКСОЙ-дың түркі халықтарының мәдениетін, өнері мен тілін сақтау, дамыту және зерттеу жөніндегі қызметінің одан әрі жанданып, мүше елдер арасындағы мәдени байланыстардың нығая беретініне сенім білдірді.

Кездесу барысында халықаралық ұйымның атқарып жатқан жұмысы туралы ақпарат беріліп, ТҮРКСОЙ аясында Қазақстанның белгілі тұлғаларының мерейтойларын атап өту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, қазақ әдебиетінің ұлы классигі М.Әуезовтің 125 жылдығына және  қазақтың көрнекті қоғам және саяси қайраткері, түрколог, ғалым А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Түркістан және Ыстанбұл қалаларында түрлі іс-шаралар ұйымдастыру.

ТҮРКСОЙ 1993 жылы 12 шілдеде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен түркітілдес мемлекеттердің арасында рухани байланыстарды қайта жандандыру мақсатында құрылды. ТҮРКСОЙ-дың мүшелері Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан.

2022 жылдың 31 наурызда ТҮРКСОЙ Бас Хатшысы лауазымына  Қырғызстан өкілі – Раев Сұлтан Әкімұлы сайланды.