Бес мемлекет Каспийдің көлік дәлізі әлеуетін арттыруға мүдделі

Ашхабадта Алтыншы Каспий саммиті өтті. Қазақ, Ресей, Әзербайжан, Иран мен Түрікменстан басшылары көк айдынның көлік дәлізінің әлеуетін арттыруға мүдделі. Каспийді қорғайтын халықаралық ұйым да құрылуы мүмкін. Хатшылықтың керек екені бұрыннан айтылып келеді. Бірақ әлі жүзеге аспады. Сонымен тараптар қандай бастама көтерді? Алтыншы саммитке арқау болған тақырып не? 

Қорған Қонысбайұлы:

- Төрт құбыласы түгелімен құрлықпен шектесетін Каспийді жағалай қонған бес ел бар. Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран мен Түрікменстанның теңізде өз есебі, өз мүддесі жатыр. Сол мүдде төңірегінде бестіктің басшылары әр жылдары бас қосып тұрады. Алғашқы Каспий саммиті осыдан 20 жыл бұрын, яғни 2002 жылы Ашхабадта өткен. Президенттер сосын Тегеранда, Бакуде, Астрахань мен Ақтауда кездесті. Алтыншы саммитте бестік президенттері тағы Ашхабадта бас қосты.

Ақтау саммитінен бері 4 жыл өтті. 4 жылда дүние өзгерді. Геосаяси ахуал ушығып, кей елдер арасы шытынады. Бірақ Каспий бестігінің бір-біріне қырын қарауына болмайды. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, теңіздегінің жолы бір. «Достық теңізі» деген атқа ие көк айдын бесеуге ортақ. Ендеше игілігін де бірге көрмек керек. Ал сол игілікке бастайтын Ақтау Конвенциясы еді. Бірақ құжат 4 жыл бұрын қабылданса да әлі күшіне енбеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінде біздің басты міндетіміз Конвенцияның тезірек күшіне енуіне жағдай жасау. Елдерімізге өзара тиімді болатын шешім қабылдау үшін 4 жылдан бері көп жұмыс істеліп жатыр. Теңіздегі кейбір мәселе мемлекеттердің ұлттық мүддесіне қатысты болған соң біз тараптардың ұстанымына түсіністікпен қараймыз.

Каспий аса маңызды стратегиялық аймаққа жатады. Географиялық орналасуы жағынан Азия мен Еуропада ғана емес, жұмыр жердегі ықпалды теңіздердің қа­тары­нда. Көліктік дәлізінің әлеуеті зор. Кәрі Құрлықты Орталық Азиямен әрі Қытаймен байланыстырып жатыр. Осы бағыт бойынша біздің елден тасымалданатын жүк кейінгі 5 айда екі жарым есе ұлғайған. Ал Каспий маңындағы өзге мемлекеттермен тауар айналымы 9 процентке өсті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Теңіз арқылы тасымалданатын жүкті еселеу мақсатында порттардың инфрақұрылымын жаңғыртуды және теңіз флотын кеңейтуді қолға алдық. Осы бағыттағы ұйымдастыру мәселесін бірлесіп әрі жылдам шешкен ләзім. Тағы бір маңызды тұс «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін одан әрі дамыту. Бұған да айрықша көңіл бөлген жөн. Әсіресе «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» темір жолының мүмкіндігін толық пайдалана білу керек. Бұл Шығыс Азия мен Парсы шығанағындағы елдердің арасында төте жол саналады.

Каспий арқылы тек металл, химиялық өнімдер емес, азық-түлік тасымалын да ұлғайту керек. Қазақ басшысының саммиттегі үшінші ұсынысы осы. Қазақстан мен Ресейдің арасындағы сауда-саттықтың 70 проценті құрлық арқылы жасалады. Көк айдынмен азық-түлік көп кетпейді. Әзербайжан, Түрікменстан мен Иран теңіз арқылы бізден астық пен ұн алады. Бұл үштікпен саудада сәл де болса өсім бар. Президент «тек астық, ұнмен шектелмейміз, теңіз арқылы өзге де тауарды ұсына аламыз» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 1 миллион тоннадан артық майлы дақылды сататын мүмкіндігіміз бар. Сонымен қатар Қазақстан ет пен сүт өнімдерінің экспортын ұлғайта алады. Каспий маңындағы елдер арасында тауар тасымалын арттыру үшін заманауи логистикалық инфрақұрылымды дамыту керек. Сондықтан Каспий маңында азық-түлік хабын құруды ұсынамыз. Қазақстанда жаңа үлгідегі көтерме-тарату орталықтарының құрылысы басталды. Ол жерде технологиялық жүйемен жұмыс істейтін қоймалар болады әрі азық-түлік тауарын сатуға жағдай жасалады.

Экономиканы еселеумен қатар көк айдынның экологиясын сақтау да күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе теңізге кеп құятын Жайықтың жайы жанға батады. Өзен тартылып барады. Бір кездері балығы тайдай тулаған Жайықта балық қоры азайған. Тиісінше Каспийде де кеміді. Қазақстан мен Ресей бірігіп, әрекет етіп жатыр. Енді осы іске қалған үш ел қолғабыс етсе игі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жайықты қорғау ісінде келісілген әрі бірлескен шараларды қабылдауға міндеттіміз. Әйтпесе өзеннен айырыламыз. Барлық тарапты күш біріктіріп, Жайықтың ахуалын жақсарту үшін ортақ жоспар әзірлеуге шақырамын.

Каспий құйқалы теңіз. Қайраңы тұнған қазына. Итбалық пен бекіре де мұнай мен газдай Каспийдің байлығы еді. Соңғы жылдары сол байлық сарқылып барады. Экологтардың бірі мұны браконьерден көрсе, басқасы «бұған себеп мұнай» дейді. 

АЛМАТЫ

Әділхан Товасаров, Орталық Азиядағы экологиялық зерттеулер институтының бас директоры:

- Каспий теңізін тереңдету себебі сосын ауыр металдардың концентраты жоғары одан кейін жаңағы мұнай қалдықтары бар ол жерде. Сол деген бірнеше фактор бар. Өкінішке қарай 200 итбалықтың көбі шіріп кеткен. Өлгеніне біраз болған. Біз Президентімізге өзінің қарамағына Каспий итбалығын алса екен деп ұсынамыз. Себебі,  сол жаңағы Каспий теңізіндегі мемлекеттерге де өте маңызды. Ол итбалық жойылып кетсе әрине экологиялық катастрофа болады.

Бұл айдың басында жазған сұхбатымыз. Қасым-Жомарт Тоқаев маусымның бірінде Алматыға барғанда экологтар Президенттен итбалыққа араша түсуді сұрап еді. Сол кезде Мемлекет басшысының «бұл мәселені бақылауыма аламын» дегені бар. Теңізде азайып бара жатқан итбалықтың жайын бүгін Ашғабаттағы үлкен жиында айтып, тың бастама көтерді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Былтыр Қазақстан мен Ресей арасында Каспий итбалығын қорғау жөніндегі бірлескен жұмыстардың бес жылдық жоспары бекітілді. Сонымен қатар 1974 жылдан бері теңіздің солтүстiк бөлiгiнде Қазақстан мен Ресейдің қорықтық аймағы жұмыс істейді. Алайда атқарылып жатқан жұмыстар итбалықты қорғауға жеткіліксіз. Сондықтан біз қорықты ерекше қорғалатын табиғи аумақ ретінде қайта құру мәселесін қарастырып жатырмыз. Каспий маңындағы елдерді Қазақстан мен Ресейдің бастамасын қолдауға және осы іске жұмылуға шақырамын. 

Қорған Қонысбайұлы:

- Жалпы Каспийді қорғау үшін әуелі бестікке ортақ хатшылық керек. Бұл мәселе талайдан бері айтылып келеді. Бірақ әлі қазығы қағылмады. Қасым-Жомарт Тоқаев жиын соңында хатшылықты тездетіп құрған жөн деді. Себебі стретагиялық маңызға ие Каспийді зерттеп, қорғайтын халықаралық ұйым керек. Әйтпесе жеке дара алып айдынды қорғау мүмкін емес.

Қорған Қонысбайұлы