Қошанов үкімет мүшелеріне ескерту жасады

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттық сауалдарға мардымсыз жауап алатынына көңілі толмайтынын айтты.

Бүгін палатаның жалпы отырысында жекелеген Үкімет мүшелеріне ескерту жасалды. Палата спикері елді толғандырған мәселелер аяқсыз қалмай, тиісті шешімін табуы тиіс екенін қадап айтты. Іс түзелмесе, шара қолдануға да заң барын еске салды. Мәселен, бүгінгі отырыстың өзінде 19 депутаттық сауал жолданды.

Ерлан Қошанов ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Депутаттық сауалдарға мемлекеттік органдардың сапасыз жауап беруі жиілеп кетті. Біз енді әр апта сайын осылай министрлерді шақырып алып, ауызша жауап тыңдап отыра бермейміз ғой. Бейжай қарауға да болмайды бұл мәселеге, өйткені бұның бәрі елді толғандырып отырған мәселелер, өзекті мәселелер. Олардың әрқайсысының артында адамдардың тағдыры тұр. Бұлай жалғаса беретін болса, әрине біз жекелеген үкімет мүшелеріне тиісті баға немесе тиісті шара қолдануға заң жүзінде мүмкіндігіміз бар.