Cенімді диалог орнату үшін күш біріктіру керек – Президент

Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа одағының президенті Шарль Мишельмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әңгіме барысында өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ахуалды жақсарту мен ең өзекті деген мәселелер бойынша сенімді диалог орнату үшін күш біріктірудің маңызды екеніне тоқталды. «Қазақстан Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік арасында «аралық нарық» рөлін атқара отырып, бұл іске өз үлесін қоса алар еді», – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Қасым Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ауғанстандағы тұрақтылыққа және осы елге көмек беруге қатысты халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін қолдайтынын нақтылады. Әңгіме соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шарль Мишельді Қазақстанға сапармен келуге шақырды.