ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясында Арал мәселесі көтерілді

Жиынға қатысушылар бірауыздан Ресей Федерациясына үндеу жариялап, Украинаның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын толық сақтауға және әскери қақтығыстарды тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Украинадан келген делегация мүшелеріне тілектестіктерін жеткізіп, қолдау білдірді.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясы 57 мемлекеттің 300-ден астам депутатын біріктіретін парламентаралық ұйым. Мақсаты қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында парламентаралық диалог қалыптастыру. Шара пандемияға байланысты 2 жылдық үзілістен кейін офлайн форматта бірінші рет өтіп отыр. Биылғы жылдың басты тақырыбы — Украинадағы жағдай.

Маргарета Седерфельт, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының төрағасы:

- 2014 жылы Украинадағы қақтығыстар басталғалы бері ұйымның Парламенттік ассамблеясы өзінің нақты ұстанымын жеткізіп келеді. Біз Украинаның шығысындағы Қырым мен Севастополь қалаларының заңсыз аннексиясын айыптадық. Біз Ресей федерациясын Минск келісімдерін толық және адал ниетпен орындап, дауды шешуге шақырдық.

Қазақстандық делегация мүшелері үшін бұл сессия нәтижелі болды. Бірінші кезекте парламенттік дипломатияны ілгерілету тұрғысында. Тұрақты комитет отырысы аясында олар өзбекстандық делегациямен қосылып, бірлескен үндеу жариялады. Депутаттар ұйымды және оған мүше мемлекеттерді Арал теңізін құтқару жөніндегі жобаларды іске асыруға донор болуға шақырды.

Асқар Шәкіров, Қазақстандық делегация басшысы,  қр парламенті сенаты төрағасының орынбасары:

- Айта кетуім керек, бұл бастама аяқ асты көтерілген жоқ. Ол бірінші кезекте мемлекет басшысының Арал теңізін және оған іргелес аумақты бірлесе отырып, қайта қалпына келтіру туралы тапсырмасы негізінде жасалған. Оған сәйкес осы жылдың көктемінде Арал қаласында қос ел парламентінің сенатаралық комиссияның отырысы өтіп, осы бағыттағы бірлескен жұмыстар туралы келісілген болатын.

Экономика, ғылым, технология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері де қазақстандық делегация назарынан тыс қалмады. Бұдан бөлек Жаңа Қазақстан құру тақырыбында cайд-ивент ұйымдастырылып, еліміздегі саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар таныстырылды. Парламент рөлін күшейту, президент өкілеттігін қысқарту, сайлау заңнамасын жетілдіру, мемлекеттік билік тармақтарының тежемелілігі мен тепе-теңдігін құру, сондай-ақ қаңтар оқиғалары кезінде мемлекеттік төңкеріс әрекеті де кездесуге арқау болды.

Камиль Айдын, Түркия делегациясының мүшесі:

- Негізі мен Қазақстанда болып жатқан өзгерістерді өз елімде тұрып, теледидар, радио және әлеуметтік желілер арқылы бейресми бақылағаным рас. Бірақ осында келіп, Қазақстанның ресми өкілдерін тыңдағаннан кейін одан да көп ақпарат ала алдым. Референдумдарыңыз сәтті өтіп, өзгерістерді халықтың 77 проценті қолдағаны қуантады. 

Гжегож Берецки, Польша делегациясының мүшесі:

- Қазақстандағы реформаларға ерекше қызығушылық танытуымыздың себебі елдеріңізде көптеген поляктар өмір сүреді. Олар өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары қазақ жеріне үдере көшіп барды. Қазір де бейбіт күн кешуді, ел дамуына үлес қосуды жалғастырып жатыр. Реформаларды қолға алған Қазақстан үкіметіне қошеметімізді білдіргіміз келеді. Өте маңызды реформалар мемлекеттеріңізді мықтырақ ете түседі.

Ұлыбритания делегациясымен өткен екіжақты кездесуде де елімізде болып жатқан саяси өзгерістер сөз болып, ағылшындар реформаларға жоғары баға берді. Сессия аясында Орталық Азия және Моңғолия елдері өкілдерінің қатысуымен Орталық Азия бойынша Парламенттік ассамблеясының арнайы өкілі Пиа Каумамен кездесу өтті. Шарада аймақтық қауіпсіздік және ынтымақтастық, Ауғанстандағы жағдай, трансшекаралық өзендерді ұтымды пайдалану, миграция сияқты маңызды мәселелер талқыланды. Бұдан бөлек Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аймағында тұрақты дамуды қамтамасыз ету бойынша резолюция қабылданды. Құжаттың басты мақсаты ұйымға мүше елдерді кедейлікті жоюға, теңсіздік пен әділетсіздікке қарсы тұруға, жер шарын қорғауға бағытталған мақсаттарды кеңінен жүзеге асыруға шақыру.