Орталық Азия елдері Лондонда бас қосып, аймаққа ортақ мәселелерді талқылады

Орталық Азия мемлекеттері Ұлыбритания астанасында бас қосып, аймаққа ортақ мәселелерді талқылады. Шара Еуразиялық қайта құру және даму банкінің осы елдердегі жұмысының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан. Орталық Азия мемлекеттері салт-дәстүрлер мен мәдениетінен сыр шертетін көрме ұйымдастырды. Әр елдің өз ерекшелігі болғанымен ұқсастығы да көп. Қолөнер бұйымдарынан бастап, тағам түрлеріне дейін бір-бірін толықтырып тұрғандай. Қазақтың бауырсағы қырғызда да, өзбекте де бар. Тек атауы мен құрамы сәл өзгеше. Елдерге ортақ проблемалар да жоқ емес. 

Әділбек Қасымалиев, Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары:

- Менің қазақ әріптесім айтқан мәселелер Қырғызстанда да бар. Проблемалар ортақ.

Ортақ мәселенің бірі коммуналдық қызмет ақысы. Инвесторлар осы салаға қаржы құйып, қорларды жаңартқысы келгенімен тарифтердің төмендігі қолбайлау болып отыр. Дегенмен, инвестициялар тарту үшін тарифтерді жоспарлы түрде өсіру көзделуде. Бұдан бөлек Орталық Азия елдерінің экономикасына серпін беру үшін байланысты бекемдеу аса маңызды. 

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - қаржы министрі:

- Ойымыз бір жерден шығып отыр. Яғни осы 75 млн халқы бар Орталық Азия, Қазақстан өз әлеуетін толығымен пайдаланып отырған жоқ деп ойлаймын. Сондықтан бар күшімізді салып, экономика саласында бір бағытта жұмыс істесек.

Тағы бір маңызды мәселе қабылданған құжаттар сөреде шаң басып, дұрыс жүзеге асырылмайды. Ал бұл экономикалық тұрғыда дамуға кедергі келтіреді. Сондықтан әрбір басшы өз деңгейінде салалық министрліктердің жұмысын қадағалап, сол меморандумдар мен келісім-шарттардың орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Кездесу барысында қазақстандық тарап осындай пікір білдірді. 

Одиль Рено-Бассо, ЕҚҚДБ президенті:

- Бүгін біз Орталық Азиядағы жұмысымыздың 30 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Еуропалық Қайта құру және даму банкі үшін Қазақстан өте маңызды мемлекет. Осы уақыт аралығында біз шамамен 10 млрд доллар  инвестиция құйдық. Біз жасыл энергетикаға көшу, қайта қалпына келетін қуат көздерін дамытуға ерекше назар аударамыз. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қаржыландыруға көп көңіл бөлеміз.

Еуропалық қайта құру және даму банкі – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Жаңартылатын қуат көздері саласындағы ынтымақтастықтан бөлек аймақтардағы көлік жолдарының, инфрақұрылымның дамуына жағдай жасап келеді.

Ғалымжан Қараманұлы