Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кетті – Тоқаев

Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді.

Қазақстан Президенті бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында тағы бір еске салды.

«Соңғы жылдары халықтың табысы біртіндеп өсті. Былтыр бұл өсім 5 пайыз шамасында болды. Бірақ Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Бұл көрсеткіш Алматы және Шымкент қалаларында да төмен. Ал Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кетті. Биыл мамыр айында азаматтардың нақты табысының көрсеткіші минус 2,9 пайыз болды. Мұндай құлдырау көптен бері болған емес», – деді Тоқаев.

Тоқаев халықтың табысын арттыру бағдарламасының да жұртқа тигізіп жатқан пайдасының шамалы екендігін тілге тиек етті. Сол үшін ең алдымен жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Осы бағытта әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуы керек болған. Дегенмен бұл бағытта да нақты нәтиже көрінбей тұр.

«Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауы тиіс», – деді.