Лассина Зербо ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды

Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шарт ұйымының бұрынғы хатшысы Лассина Зербо ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Награданы белгілі дипломат ядролық қарусыздану мен қаруды таратпау ісіне қосқан зор үлесі үшін алды. Мемлекеттік марапатты Қазақстанның Мароккодағы елшісі Сәулекүл Сайлауқызы арнайы ұйымдастырылған рәсімде табыстады. Шараға шетелдік дипломатиялық миссия өкілдері мен қоғам қайраткерлері және жергілікті тұрғындар қатысты.

Сәулекүл Сайлауқызы, Қазақстанның Мароккодағы елшісі:

– Бұл кісінің еңбегі өте зор. Қазақстанмен ядролық қаруға тыйым салу жолында ірі істер жасады. Қазақстанға 2005 жылынан бастап жиі барып тұрды. Қазақстандағы жағдайды, Семейдегі жағдайды, ядролық қарудан 1949 жылдан бастап 500-ге жуық жарылыстан Қазақстанның қаншалықты зардап көргенін біледі. Барлық трибуналарда біздің жағдайымызды айтып жүреді.

Лассина Зербо, ЯСЖТШҰ-ның бұрынғы атқарушы хатшысы:

– Алдымен Қазақстан президенті Қасым- Жомар Тоқаевқа алғыс айтамын. Қазақстанда өзімді үйдегідей сезіндім, адамдары өте жылы. Шынымды айтсам, бұл медаль мен үшін құрмет. Қазақстанға саяхаттап баруларыңызға кеңес беремін. Қазақстан – тамаша ел, бұл толеранттылық, достық елі, сыйластық елі, оны өз көзіммен көрдім.