Шолпан Атадағы кездесуде Тоқаев бес ұсыныс жасады

Соңғы бес жылда Қазақстанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 42 процентке өсіп, 6,3 миллиард доллардан асқан.

Жақын арада бұл көрсеткішті 15 миллиард АҚШ валютасына дейін жеткізген жөн. Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өтіп жатқан Орталық Азия мемлекет басшыларының IV Консультативтік кездесуінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді. Президент Орталық Азияны қауіпсіз, жайлы әрі экономикалық дамыған аймаққа айналдыру жөнінде бес ұсыныс айтты. Соның бірі шекарадағы тұрақтылық.

Президенттің пайымынша, мемлекетаралық шекаралардағы әрбір атыс тек сол елдерге ғана емес, бүкіл аймаққа ауыр жаңғырық болып естіледі.

«Бұл мәселені тек бейбіт жолмен шешуге болады. Басқа балама жоқ», - деді Қазақстан президенті.

Бұдан бөлек мемлекет басшысы сауда-экономикалық хабтар желісін іске қосу, экспорт көлемін арттыру, аймақтық транзит тізбегін кедергіден тазарту, Орталық Азияның экологиясын сақтау, білім мен ғылымды бірлесіп дамыту туралы ұсыныстарын жеткізді. Президент Қырғызстанда Қамбар ата су электр станциясы құрылысының жобасы туралы Қырғызстан және Өзбекстан тарапымен жемісті келіссөздердің жүргізілгенін де айтып өтті.