Қ.Тоқаев арабтармен қандай келісімге келді?

Қазақ пен араб екі елдің ғарыш кеңістігін бірге зерттеуі мүмкін. Сауд Арабиясына ресми сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тарапы осы сала бойынша Корольдіктің компанияларымен өзара байланыс орнатуға дайын екенін айтты. Әрі арабтар қазақ жеріндегі табиғи байлықты барлауға да инвестиция салмақ. Ал, біздің ел саудтарға бидай, ұн және майлы дақылдарды тұрақты жеткізіп тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұдан бөлек, екі жақ бірлесіп, Алматы облысы мен шығыс өңірде гидроэнергетикалық станциялар салады. Ең бастысы Қазақстан мен Саудия арасында тауар айналымы ұлғайады. Тікелей әуе рейстері ашылады. Бүгін Джиддада өткен инвестициялық жиында осындай құжаттарға қол қойылды. Президент сапары аясында тағы қандай келісім жасалды? Бұл жөнінде Саудиядан тілшіміз Қорған Қонысбайұлы баяндайды.

Кеше іңірде келіп, түнделетіп тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудпен кездесу өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін инвестициялық жиынға қатысты. Мақсат – қазақ пен арабтың байланысын бекемдеп, екі елге де олжа салатын келісімдер жасау.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Саудияда жұма мен сенбі – демалыс. Ал, жексенбі апта басы әрі жұмыс күні. Сондықтан қазақ басшысының сапары осы күнге жоспарланды.

Қазақстан мен Саудия қазір жаңғыру жолында. Екеуі де  экономиканы әртараптандыруға, шикізатқа тәуелділікті төмендетуге, адами капиталға инвестиция салуға, түптеп келгенде, жоғары дамыған елдердің қатарына кіруге мүдделі. Ал, жаңару жолында дара жүріп даму мүмкін емес. Мұны жақсы түсінетін діндес бауырлар бірлесіп, біраз жұмыс істесек дейді. Сондықтан Мемлекет басшысы арабтарды біздің елге шақырды.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Қазақ елінің Орталық Азияда көші ілгері. Орталық Азиядағы тауар айналымның 60 проценті біздің елге тиесілі. Сондықтан Президент жиында арабтарды Қазақстанға инвестиция құюға шақырды. «Ал инвестицияны қорғаймыз» деді.

Біздің елде Сауд Арабиясының қолдауымен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және инфрақұрылым салаларында құны 120 миллион доллардан асатын бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Бірақ, бұл сома екі елдің әлеуетіне сай келмейді. Мемлекет басшысы «екіжақты сауда-саттықты ұлғайту керек» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз жүргізген талдауға сәйкес  Қазақстан машина жасау, шойын және болат өндірісі,  сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы сияқты салалар бойынша құны шамамен жылына 400 миллион доллар болатын шикізат тауарларының 100-ден астам түрін ұсына алады.

Қазақстан әлемде вольфрам қоры бойынша 1-ші, ал, уран мен хром бойынша 2-ші орын алады. Марганец, күміс, мырыш, қорғасын байлығы бойынша алғашқы бестікке кіреді. Бұл қорларды барлап, зерттеу керек. Қарқынды дамып келе жатқан Қытай мен Оңтүстік Азия нарығына жақындығымызды ескерсе, бұл арабтарға инвестиция салуға жақсы мүмкіндік. Президент «барлау және әзірлеме жұмыстары үшін бағалы және түсті металдың 60-тан астам кен орнын ұсына аламыз», – деді. Хош. Қазақ пен араб алдағы уақытта мұнай химиясы, атом энергетикасы мен ғарышты зерттеуде де бірігуге ниетті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Корольдіктің Saudi Vision-2030 стратегиясы аясында өзінің ғарыштық бағдарламасын дамытуға деген ниетін қолдаймыз. Елдеріміздің ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық үшін тиісті құқықтық базасы бар.  Қазақстанның аэроғарыш саласын дамыту үшін тәжірибесі де, әлеуеті де жеткілікті. Біздің компанияларымыз осы салалар бойынша Сауд Арабиясының мемлекеттік және жеке компанияларымен өзара ынтымақтастық орнатуға дайын.

Арабтар мұнай мен туризмде көш ілгері болса, қазақ арабты тау-кен мен ауыл шаруашылығы арқылы қызықтырады. Қазақстан егістік көлемі бойынша әлемде екінші, жайылымдық жер жөнінен бесінші орын алады. Бидай өсіретін және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Енді алдағы уақытта біздің тарап Корольдікке бидай, ұн және майлы дақылдарды тұрақты түрде жеткізіп тұратын елдердің бірі болуға дайын. Туризм саласында да ықпалдастық орнатуға жол ашылады. Мемлекет басшысы саудиялық бизнес өкілдеріне Қазақстанның туристік жобаларын қарастыруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның Сауд Арабиясымен арадағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге бейілді екенін растағым келеді. Бүгін осында бүкіл әлемде айтарлықтай табыстарға қол жеткізген Сауд Арабиясының ірі компанияларының басшылары қатысып отыр. Мен бәріңізді өзара тиімді негізде Қазақстанда бірлесе жұмыс істеуге шақырамын.

Қазір Қазақстан мен Саудия арасында тек қажылар үшін тікелей әуе рейсі бар. Ал, сауда-саттықта тікелей рейс жоқ. Ең басты проблема – осы логистикада. Сондықтан да тауар айналымының көрсеткіші бас бармақпен бағалайтындай емес.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Қазақ пен араб арасындағы тауар айналымы 8 жарым миллион доллардың төңірегінде. Бұл көп емес. Екі ел де сауда-саттықты еселеуге бейілді.  Бүгінгі инвестициялық жиын сол алыс-берісті ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Осы ниетпен форумға қазақтан 20 шақты, арабтан 50 ге тарта компания шақырылған.

Жиын аясында ұзын-ырғасы 13 меморандум бекіді. Құжаттардың жалпы құны 220 млн долларға жуықтайды. Оның 200 млн-ы – инвестиция. Бекіген меморандумның бірі – энергетикаға қатысты. Арабтар Алматы облысы мен Шығыс Қазақстанда гидроэнергетикалық станция салуы мүмкін. Жұмыс тобы құрылып, зерттеу жүргізген соң бір жылда құрылысқа кірісуге болады.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

- Бұл болашақта біздің энергетика системасының тұрақылығын қамтамасыз етеді. Бұны бүкіл тұтынушыға тұрақты түрде жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл жағынан бізде қалай мәселе қиындау мА? Қиын болғанымен қазір станциялар кқбі көмірмен жүмыс істейді. Көмірді болашақта пайдалану жолдары аз. Екіншіден қазір станциялардың көбі жасы келіп тұр. Оны қалай болса да жаңартып, қайтадан құру керек жаңа станцияларды. Біз газбен және жаңартылатын энергиямен қарастырып жатырмыз жолын.

Жоғарыда айтқан сауда-саттықты ұлғайту үшін Қазақстан мен Саудия арасында жүк таситын тікелей әуе рейстері ашылмақ. Әрі  Қазақстан-Түрікменстан-Иран темір жолы арқылы да бізден тұтас араб әлеміне тауар жіберіледі. Және де…

Бақыт Сұлтанов, Қр Премьер-министрінің орынбасары, Сауда және интеграция министрі:

- Каспий арқылы каридорды біз мына тарифтерді дұрыстасақ, бір-біріне сәйкес келтірсек бұл біздің тауарлары тек Сауд Арабияға емес, жалпы араб елдеріне жеңілдетеді, жол ашылады дегендей.

Тағы бір келісім – қазақтың саумалын алдағы уақытта ұнтақ түрінде арабтар импорттайды. Медицинада да уағдаластық бар. Біздің ел саудтарға жасуша клеткасын сатады. Әрі онкологиялық ауруға шалдыққан арабтарды елімізге алдырып ақылы түрде емдейді.

Саудия үлкен нарық. 35 миллион халқы бар. Қауқары да жауһары да көп. Сондықтан бұл елмен барлық сала бойынша серіктестіктің көкжиегін кеңейтуге болады. Арадағы уағдаластықтың баянды болуы үшін Мемлекет басшысы Тақ мұрагерін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Мұхаммед бен Салман шақыруды қуана қабыл алды.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ержан Қанапияұлы, Алмас Омарғалиев, Айдос Серікболұлы

Сондай-ақ...