Адам саудасына қарсы заң әзірленуде

Биыл 6 айда адам саудасына қатысты 57 қылмыстық іс қозғалған. Оның 32-сі жезөкшелікке қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Заңбұзушылық негізінен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жасалады екен. Ал күштеп еңбекке салып, құлдықта ұстау жағдайлары биыл 42-ге жеткен. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың айтуынша, бұндай жағдайларға азаматтар негізінен өз еріктерімен барады. Оның үстіне осындай келеңсіздіктерге бір емес, бірнеше рет тап болады. Қазір елде адам саудасына қарсы жеке заң жоқ. Енді оның тұжырымдамасы қыркүйек айына дейін әзірленеді. Кейін жаңа заң 2023 жылдың сәуіріне дейін қабылданады деген жоспарда.

Эльвира Әзімова, ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкіл:

– Халықаралық тәжірибеге қарасақ, мемлекеттердің көбісі осындай заңды қабылдады. Бұл негізінде адам құқықтарын қорғау ғана емес, сонымен бірге профилактика және әлеуметтік сұрақтарға, проблемаларға байланысты. Осындай жағдайға түскен адамдарға көмек көрсету. Себебі бұл жағынан негізі ашық сұрақтар көп қалуы мүмкін.