Елдегі АЭС болашағы қандай?

Алдағы он жылда еліміз электр тапшығылығына душар болады. Құзырлы министрлік күдіктің расталып келе жатқанын айтады. Тұтыну рекордтық деңгейге жеткен. Бұған дейінгі орташа көрсеткіш 1-2 процентке ғана артып отырса, жарты жылда-ақ 7 процентке өсіпті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылар айтуынша, мәселені АЭС-н салу арқылы реттеуге болады. Ал солтүстік пен оңтүстікті қоса алғандағы энергия тапшылығын шешу үшін қуаты 1000-нан 1400 мВт дейін баратын қос блокты реактор салу қажет. Оның нәтижесін 2035 жылдан кейін көре аламыз. Әзірге жобамен кімнің айналысатыны белгісіз. Анығы жаңа энергияның бағасы арзан болмайды. Тариф үш есе қымбаттауы мүмкін.

Тимур Жантикин, «Қазақстан атом электр станциялары» АҚ бас директоры:

Коммерциялық жоба болса, тариф қымбаттайды, әрине. Қазіргі тариф кешенді шығындарға байланбаған. Сондықтан халыққа тиімді болғанымен, нысандарды лайықты түрде қамтамасыз ету оңай емес. Міне жүргізілген есепке сай, АЭС салынса, генерация құны сағатына 6-12 центке жетеді.

АЭС Алматы облысында бой көтереді. Энергетика министрі «қалдықсыз қуат көзін алуға негіз бар» дейді. Биылдың өзінде 22 500 тонна уран өндірмекпіз. Жалпы шығарындыларын жылына 4 млн тоннаға дейін азайтуға болады екен.

Зұлфыхар Жолдасов, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы:

Біріншіден, атом энергиясы Еуропа комиссиясында жасыл тізімге енгізілген. Екіншіден, өз елімізде 74 процент энерго генерация дейміз, соны көмір станциясымен байланысты. 40 процент газдардың энергостансамен байланысты. Жылына миллиондаған золошлак дейді, қалдықтар шығады. Одан басқа халықаралық міндетіміз бар. Соған байланысты атом генерациясы бізге тиімді болып тұр.

Жаңалыққа үрке қарап отырғандар да көп. Ол түсінікті де. Сарапшылардың сөзінше, атом энергетикасын өндіру табиғи су көздерінің сарқылуына, экожүйенің бұзылуына алып келуі мүмкін. Ең бастысы, қауіпсіздіктің қыл үстінде тұрмасына кім кепіл? Атом саласында жұмыс істейтін 2000 адамды дайындау қажет. Күдікті күшейтіп отырғаны осы. Өкініштісі елде мұндай мамандық оқытылмайды, біліктілігін арттыруға да жағдай жасалмапты. Чернобыль мен Фукусима қасіретін ұмыта қоймаған көпшіліктің көңілі күпті. 

 Кенжебатыр бекмырза, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті:

– Өмірге өте қажетті салада қасымыздағы шетелде ондай мамандарды дайындау қаншалықты бізге керек екенін күмән тудырады. Оның бәрін Қазақстанда дайындау керек. Оған мұғалімдер керек. Оған материалдық-техникалық база керек. Жай физиканың өзін оқыту оңай емес. 5-6 жылда сапалы маман дайындау оңай болмайды деп ойлаймын.   

Үміт пен күдік тартысында кімнің бәсі басым түсетінін уақыт көрсетеді. Әзірге әлемнің 19 елінде қуаты 55 ГВт болатын 52 реактор салынып жатыр. 10 жылдан кейін біздің елде де заманауи станса бой көтеретіні белгілі.  Мемлекет басшысының бұл бастамасын жүзеге асыру үшін мамандар Түркия, Франция, БАӘ мен Венгрия тәжірибесін зерттеуге кірісті. Сарапшылардың сөзінше, қауіпсіз әрі сенімді технологияны игеру заман талабы.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ербол Дайыров