Елде 2025 жылға дейін екі миллион жұмыс орны ашылады

Оның 444 мыңы биыл ашылмақ. Өңдеу өнеркәсібі мен мұнай-газ химиясында және агро секторда 2025 жылға дейінгі инвестициялық жобалар пулы жасақталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл тізімде 266 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтитын 847-ге жуық жоба бар. Мұны Премьер-министрдің орынбасары айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Ералы Тоғжанов халықтың табысын арттыру бойынша есеп берді. Бірінші жартыжылдықта бюджет саласындағы 850 мың қызметкердің, квазисектордың өндірістік бағытында жұмыс істейтін 240 мың және бизнес құрылымдағы 1,2 миллион еңбеккердің жалақысы өскен. Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарына жататын азаматтардың тұрақты табыс табуы үшін жағдай жасалуда және әйелдерді жұмыспен қамту тетігі әзірленген. Мемлекет басшысы халықтың табысын арттырудың маңыздылығын және мұның ұлттық жобаларда көзделген мақсаттарға қол жеткізуге тікелей байланысты екенін атап өтті. Сосын Үкіметке бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.