Қазақстан – Андорра: бірлескен туристік жобалар

Қазақстан мен Андорра туристік жобаларды бірге дамытуға мүдделі. Бұл жайында бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Андорраның сыртқы істер министрі Мария Убахпен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кету керек, қазір екі ел арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамыту әлеуеті толық ашылмаған. Премьер-министрдің пікірінше, бұл ретте туризм саласындағы екіжақты байланыстарды кеңейту ерекше қызығушылық тудырады. Қазақстан Андорраның осы бағыттағы тәжірибелерін ескере отырып, өзара тиімді бірлескен жобаларды іске асыруға шақыруға ниетті – дейді Әлихан Смайылов. Мария Убахтың пікірінше, елімізде тау шаңғысы туризмін дамыту перспективалы бағыт. Бүгін екі ел Азаматтарды сапарлары кезінде визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойды. Енді бұл құжат екіжақты байланыстарды одан әрі дамытуға және туристік ағынды арттыруға қосымша серпін беруге тиіс.