«Аmanat» бақылауды күшейтеді

«Аmanat»  партиясы проблемалық, әлеуметтік нысандарды бақылауға алады. Ол үшін ел аумағында 400-ден астам партиялық бақылау бекетін ашпақ.

«Аmanat»  партиясының Хатшысы Жігер Қалиевтің айтуынша, жергілікті жерлерде партия сайлауалды бағдарламасының орындалу барысына бақылау күшейеді. Әрбір нысанда техникалық паспортқа ұқсас шағым немесе өтініш жіберуге болатын жауапты тұлғаның байланыс нөмірлері бар тақтайша орнатылады. Аманаттықтар осы аптада Ақтөбеде Есет батыр ауданында жүріп жатқан мектеп құрылысының барысын тексерді. Құрылыс 2017 жылы басталғанымен, сағызша созылып бітпеген. Ал, Қызылорда қаласында «Бәйтерек» шағын ауданындағы мектеп құрылысы  кестеден бір жылға жуық уақытқа артта қалып келеді. Мердігерлер білім беру мекемесін жыл соңына дейін тапсыратынын айтқан.

Жігер Қалиев, «Amanat» партиясының хатшысы:

- Бүгінде 114 білім беру нысанында бекеттер ашылды. Оның көмегімен құрылыс сапасын, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын, сондай-ақ жалақының уақтылы берілуін бақылауға болады. Осылайша, жергілікті жерлерде партия сайлауалды бағдарламасының орындалу барысына жүйелі бақылау күшейтіледі.

Жорабек Нұрымбетов, қалалық Мәслихат депутаты:

- Шағын ауданда 4,5 мыңнан астам адам тұрады. Бәрінің балалары бар. Оларды алысқа апару ыңғайсыз.Осы мәселені тез арада шешу үшін осы бақфлау бекеті құрылды.