Үкімет басшысы Ертіс өңіріне барды

Еліміздің Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Ертіс өңірінде болды. Премьер-министр аймақтың өнеркәсіп және ауыл шаруашылығының даму қарқыны, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыру барысымен танысты. Сондай-ақ, облысты кешенді дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлихан Смайылов мемлекеттік қоллдаудың арқасында қарқында дамыған заманауи кешеннің жұмысымен танысты. 1700 гектар алқапта картоп пен жүгері өседі. Жылдық қуаттылығы 10 млн тоннаға жететін тауарлы ферма салынып жатыр. Үкімет басшысы осындай жобаларды басқа өңірлерде де іске асыру қажеттігін айтты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

– Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі шиеленіскен кезде су үнемдеу технологиялары қолданылатын жобаларды көбейту керек. Әлемде азық-түлік бағасы қымбаттап жатыр. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласына басымдық беру керек. Әлемдік нарық та ауыл шаруашылығы өндірушісіне назар аударып отыр. Мемлекет қолдауының арқасында әлеуметтік және экономикалық нәтиже бермек.

Премьер-министр жылына 250 мың тонна алюминий өндіретін электролиз зауытында болды. Қанатты металл ішкі және сыртқы нарыққа тасымалданады. Ірі өндіріс ошақтарының басшыларымен кездескен Үкімет басшысы аймақтың экологиялық мәселелерін әкімдік пен кәсіпкерлер  бірлесіп шешу керектігін айтты.

Аймақта 2025 жылға қарай 530 мың шаршы метр түрғын үй салынады. Үкімет басшысы Павлодар қаласын газдандыру мәселесі бойынша келіссөздер жүріп жатқанын жеткізді. Білім беру саласында да оң өзгеріс көп. Биыл елімізде 200-ден астам жаңа мектеп ашылса, олардың бесеуі Ертіс өңірінде.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Қаржыландыру едәуір өсіп келеді. Мысалы, Павлодар облысында соңғы үш жылдың ішінде білім беру саласына бөлінген қаражат көлемі үш есе артты. Сонымен бірге, жыл сайын бір мыңнан астам оқу орны жаңғыртылуда. Павлодар облысында да бар.

Преьмер-министр бұдан кейін Павлодар мұнай-химия зауытында болды. Сала қызметкерлерімен дизель бағасын тұрақты ұстау және тұтынушыға қолжетімді ету мәселесі талқыланды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

– Жанар-жағармай тапшылығын болдырмауға бағытталған шешім қабылдаймыз. Құжат келесі аптада күшіне енеді. Біз ішкі нарық тұтынушысы үшін дизель отынының бағасын сақтауымыз қажет. Ал сырттан келетін тұтынушыға арналған баға олардың нарығына сәйкес болуы керек.

Үкімет басшысы көтерілген әр мәселе бойынша егжей-тегжейлі түсініктеме беріп, облыс басшылығына оларды бақылауда ұстауды тапсырды.

Авторлары. Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков