Ресейде жол апатынан қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ – ҚР СІМ

Ресейде жол апатынан қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ – ҚР СІМ

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Ульяновск облысында болған жол апатына қатысты ресми мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Ресей Федерациясы Ульяновск облысы төтенше жағдайлар министрлігі штабының алдын ала мәліметі бойынша аталған облыста болған жол апатынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан Республикасының азаматтары жоқ», - делінген ресми хабарламада. 

Бұған дейін Ресейдің Ульяновск облысының Николаевск ауданында автобус жол апатына ұшырап, 16 адамның қайтыс болғаны туралы хабарлаған едік. 

Ал ТАСС агенттігі осыған дейін: «Жол апаты салдарынан микроавтобуста болған 15 адамның және жүк көлігінде болған 1 адамның көз жұмғаны анықталды. 3 адам ауруханаға жеткізілді, 1 адам амбулаторлық ем алуға жіберілді. Алдын ала мәліметтер бойынша Ульяновск облысында жол апатына ұшыраған микроавтобуста Қазақстан азаматтары болған», - деген ақпарат таратқан болатын.