ҚР Президенті Қ.Тоқаев пен И.Әлиев кездесті

Әзербайжанға ресми сапары барысында Қасым-жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев жеке кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы әзербайжандық әріптесіне шақыртуы үшін алғыс білдіріп, бүгін қол қойылатын бірқатар маңызды құжаттар қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Ильхам Әлиев те өзінің шақыруын қабыл алып, Әзербайжанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президентінің Бакуға сапары екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Аса құрметті президент мырза. Мен бүгін ресми сапармен келіп отырмын. Президент ретінде бұл алғашқы сапарым. Сапар кезінде бірқатар маңызды мәселелер туралы пікір алмасу болады. Өте маңызды құжаттарға қол қоймақшымыз. Сондықтан бұл сапар екі еліміз арасындағы қарым-қатынасқа, ынтымақтастыққа үлкен серпін береді. Сізге ризашылығымды білдіремін, қонақжайлығыңызға. Рахметімді айтқым келеді.