М.Әшімбаев: Діни съездерге қызығушылық артып келеді

Қыркүйекте өтетін әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезіне 100-ден аса белді делегат жиналады.

Осылайша биылғы жиын осыған дейін өткізілген келіссөздердің арасындағы ең ауқымдысы болмақ. Шараға әлемнің назары түгел ауғаны тегін емес. Осы жылдардың ішінде рухани көшбасшылардың кеңесі халықаралық аренаның маңызды алаңына айналды. Арнамызға сұхбат берген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай дейді.

Айтуынша, мұндай шаралар дін өкілдері арасындағы байланысты арттырып, өзекті мәселелерді талқылауға ықпал етеді. Әлемді әбігерге салған терроризм, экстремизм және әскери қақтығыстарды азайтудың жолын бірігіп іздеуге мүмкіндік береді. Келіссөз кезінде елорда тұрғындарының қалыпты өміріне кедергі келтірмеу үшін барлық жағдай жасалады. Ал сьезде қабылданған декларация халықаралық ұйымдарға жіберіледі. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Әлемдік геосаясат ушығып тұр. Осыған байланысты жетінші сьезге көптің назары ауып отыр. Рим папасы Франциск та қатысады. Бұл айтулы оқиға деуге болады. Сонымен қатар "Аль азхар" университетінің жоғарғы имамы Ахмад Тайб келеді. Ол да Ислам қоғамындағы көрнекті тұлғалардың бірі. Буддизм, индуизм, даосизм және басқа да дін өкілдері жиналады. Бұл сьезде өте өзекті тақырыптар қозғалатынын білдіреді.