Жаңадан құрылған өңірлерде қандай өзгерістер болады?

Айтылды. Орындалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айындағы Жолдауында 3 жаңа облысты құруды міндеттеген. Елдің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Сондықтан «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстаным  әрдайым  өзекті болуға тиіс.

Мемлекет басшысының жарлығымен Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылды. Енді өңірлерде қандай өзгерістер болады? Ол жөнінде тілші материалында.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын.

Кезінде  Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені  қайта жаңғыртуға тиіспіз. Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында  Ұлытау облысын құру қажет.

Алматы облысын  екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде  Жетісу және Алматы облыстары құрылады.

Президент айтты. Үкімет орындады. Жаңа Қазақстанда 3 су жаңа облыс пайда болды. Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіруді Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздағы жолдауында жариялаған еді. Араға 3 ай салып Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды.

Жаңа орталықтар әлеуметтік-экономикалық жағынан тиімді шешім. 30 жылда өзге ірі қалалардың тасасында қалған шаһарлардың тамырына қайта қан жүгіртті. Қазір Ұлытау облысына инвестициялар тартылып, қордаланған мәселелер өз шешімін табуда. Аймақтың дамуына үлес қосуға осы жердің ірі кәсіпорындарына қаржыны аямауды да Президент міндеттеген болатын. Қазір Ұлытауда әуе қатынасы екі есеге артты. Жезқазғаннан елордаға күнде ұшуға болады. Ал қыркүйек айының 6-нан бастап Жезқазған мен Алматы арасына жүрдек поезд қатынайды.

Жомарт Бегаев, ТҮКШ Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-23 вагонның үшеуі люкс, 19 купейный вагондар болады. Бүгінгі күнге купейныйдың билет құны 9 мың теңгенің көлемінде. Ал люкстің бағасы 13600 теңгенің көлемінде. Бірақ бұл да нақты сол жүретін күні билет болса, ол 16700 теңгенің көлемінде болады. Осы қазір атқарылып жатқан жұмыстар жолаушыларға жағдай жасау бағытында.

Президент Жолдауында айтқан Ұлттық құрылтай да құрылып, оның алғашқы отырысы ұлт ұясы осы Ұлытауда өткен еді.

Тарихи әділдік еліміздің шығысында да орындалды. Ширек ғасыр бойы тасада қалғандай күй кешкен Семей қаласы қайта орталық болды. Облысқа осы өңірдің тумасы, қазақтың ұлы ақыны Абай есімі берілді. Жасыратыны жоқ, 25 жыл Шығыс Қазақстан облысының құрамында болғалы Семейдің әлеуметтік жағдайы нашарлаған. Бұл олқылықты түзеу үшін 2025 жылға дейін шаһардың даму жоспары бекітілді. Қаржыландыру көлемі – 260 миллиард теңге. Бұдан бөлек, Абай облысының аумағына Бақыршық тау-кен байыту комбинаты өтті. Бұл өңірдің дамуына үлкен серпіліс әкеледі деген үміт басым.

Қапшағайға Дінмұхаммед Қонаевтың есімі беріліп, жаңадан құрылған Жетісу облысының орталығына айналды. Бұл өңірде мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мен өңдеу секторын дамытуға баса мән беріп отыр. Сондай-ақ, аймақта өңдеу өнеркәсібі, минералды шикізатты  өндіру саласында құны 730,3 миллиард теңге болатын 24 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осылайша жаңа 3440 жұмыс орны ашылады.

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:

- Алдымызда бірқатар жоспарлар бар. Сондықтан алдағы 2-3 жылдың көлемінде Жетісу облысының деңгейінде атқарылатын іс-шаралардың стратегиялық басым-бағыттары анықталды. Солар бойынша жұмыс істейміз.

Президенттің жаңа үш облысты құры жөніндегі тапсырмасының мән маңызы зор. Бастысы сол жердегі халықтың әл-ауқатын арттыру идеясы.

Авторы: Риат Шони