Ә.Смайылов екі облыстың жаңа әкімдерін таныстырды

Түркістан облысының әкімі ауысты. Премьер-министрмен бірге Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу облыстың барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет басшысы депутаттарға Президенттің Ұласбек Сәдібеков пен Дархан Сатыбалдының кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді. Дауыс беру нәтижесі бойынша 286 депутаттың 200-і Дархан Сатыбалдыны қолдады. 86 депутат Ұласбек Сәдібековті таңдады. Ал өңірдің бұрынғы басшысы Өмірзақ Шөкеев берген өтінішіне сәйкес қызметінен босатылды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

– Біздің негізгі мақсатымыз – халықтың әл-ауқатын арттыру. Ол үшін ең алдымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін беретін жобаларды анықтап, қолдау керек. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды. Бұл жоспар бірқатар маңызды жобаларды іске асыруға, оның ішінде жаңа өнім шығаруға, тұрақты жұмыс орындарын құрып, облыс тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Е.ТОҒЖАНОВ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫН БАСҚАРАДЫ

Ақтөбе облысының әкімі де ауысты. Президент жарлығымен бұған дейін өңірді басқарған Оңдасын Оразалин лауазымынан босатылды. Аймақтың жаңа басшысы болып Ералы Тоғжанов тағайындалды. Ол бұған дейін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарған еді.