Конституциялық сот өтініштерді жеңілдетілген тәртіпте қарайды

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Парламенттің жабық отырысына қатысып, сөз сөйлей алады. Сондай-ақ ол қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне кедергісіз кіреді. Бұған қоса омбудсмен адам құқықтарының сақталуын бақылаушы ретінде шет мемлекеттерге де бара алады. Әділет вице-министрі Алма Мұқанова қолданыстағы бірқатар заңға ұсынылған жаңа ережелерді Мәжіліс комитетінің отырысында таныстырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Конституциялық сот өтініштерді жеңілдетілген тәртіпте қарайды. Процесс бас-аяғы 5 кезеңнен тұрады. Заң жобасын әзірлеушілер Конституциялық сот биліктің сот тармағына кірмейтінін айтты. Бұл орган «қызметі мінсіз» заңгерлерден құралуы тиіс.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Шынымен де үлкен мәселе  – «Конституциялық сотта кімдер отыру керек?» деген. Олардың кіршіксіз өмір жолы мен тәжірибесі болу керек деген. Олардың барлығы да қоғамдық сүзгіден өтуі керек. Өйткені бұлар ұзақмерзімді жұмыс істейтін, олардың шешіміне ешкімнің қол сұғуға құқы болмайды. Кез келген заңның бабын тоқтатып қоюға, Президенттің, Үкіметтің, әкімдердің шешімін, соттардың шешімін қайтаратын мүмкіндіктері бар. Конституциялық соттың судьясы деген кез келген заңгер үшін армандайтын, мысалы көптеген елдерде жоғары немесе конституциялық соттың судьясы болу ол заңгердің арманы.