Қазақстан Ресейден дизель отынын импорттайды

 

Елге Ресейден дизель отыны импортталады. Бұл дизель тапшылығының алдын алу мақсатта жасалып отыр. Мұны ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, дизель қоры 100 мың тоннаға дейін жетеді. Сонымен қатар ведомство басшысы битумның өндіріс көлемін Ресей шикізатының есебінен ұлғаятынын тілге тиек етті. Жалпы елдегі битумның жиынтық өндірісін жылына 1,2 млн тоннаға дейін ұлғайту үшін зауыттарға қосымша жүктеме қою қажет. Яғни «Qazaq Bitum» зауытының өндіріс көлемі Ресей гудронының импорты есебінен 374 мың тоннаға дейін көтеріледі деген болжам бар.

Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:

– Қазақстан Энергетика министрлігі мен Ресей Федерациясының келіссөздері нәтижесінде гудрон импортының көлемі 280-ден 430 мың тоннаға дейін ұлғайғанын атап өткім келеді.Қазіргі уақытта «алушы-берушілер» ірі мұнай жеткізушілері битумды Автомобиль жолдары комитеті ұсынған жол компанияларының тізбесі бойынша тиеп-жөнелтуді жүргізеді.