Мемлекет басшысы Мәулен Әшімбаевты қабылдады

Мемлекет басшысына қыркүйектің 14-і мен 15-і күндері елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне дайындық барысы айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Президент қабылдауында болған Сенат төрағасы, Съезд Хатшылығының меңгерушісі Мәулен Әшімбаев форумға 50-ге жуық елден 100-ден астам делегация келетінін жеткізді. Аталған жиынға Рим Папасы Франциск, Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб және басқа да діндер көшбасшылары қатысады деп жоспарланған. Сенат Төрағасының айтуынша, алдағы іс-шара әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылығын тудырып отыр. Форумға 200-ге тарта шетелдік және 300-ден астам отандық БАҚ өкілдері аккредитациядан өткен. Съезд аясында форумды қорытындылайтын Декларация қабылданбақ. Бұл құжат жиынға қатысушылардың өркениетаралық және конфессияаралық, сондай-ақ жаһандық дамудың өзекті мәселелеріне деген ұстанымын білдіреді.