loader


Дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі дінаралық диалогқа үлес қосады

Әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съезі еліміздің дінаралық сұхбат үдерісіне қосқан қомақты үлесі саналады. Бұны әр жылдары съезге қатысқан саяси көшбасшылар растап келеді. Бірегей шара әлемдік қауымдастық алдында өзара түсіністік пен ынтымақтастық қағидаттарын нығайтуда да айрықша орын алып отыр. Осы діни көшбасшылар диалогының негізі қашан қаланды, онда әр жылдары нендей тақырыптар қаузалды?

2003 жылдың күзінде ел астанасы әлемдік діни көшбасшылар мен белді саясаткерлер тоғысқан рухани алаңға айналды. Адамзаттың өрлеуі мен бейбітшілікке үндеген жоғары деңгейлі конфессияларалық форумға ислам дінінен бастап христиан, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің өкілдері қатысты. Бұл Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алғашқы съезі еді. Бірегей бастама идеясын сол кезде К.Аннан, Дж.Буш, М.Тэтчер, Цзянь Цземинь және Н.Манделла секілді  аса ықпалды саясаткерлер қолдады. Табысты өткен форум қорытындысы бойынша барлық қоғамда тұрақтылықты сақтау бағытындағы бірлескен декларация қабылданды. Дінаралық форумды әр 3 жыл сайын өткізіп тұру туралы шешім де бекітілді.

Белгілі британдық сәулетші Норман Фостердің жобасымен 2006 жылы елордада Пирамида пішініндегі ғимарат салынды. Сәулетті нысанның ең жоғарғы қабатында шынымен әрленген «тал бесік» залы орналасқан. Онда бейнеленген  130 көгершін – еліміздегі ұлт өкілдерінің нышаны. Осы 2006 жылдың күзінде жаңа «Бейбітшілік және келісім сарайы» Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының екінші съезінің делегаттарын қабылдады.  Форумда «Діни наным-сенім бостандығы және өзге дінді ұстанушыларды құрметтеу»,  «Діни көшбасшылардың халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі» атты екі негізгі бағыт тақыланды.

Америка, Еуропа, Азия, Таяу Шығыстың 35 мемлекетінен 77 делегация дәстүрлі форумның III съезіне жиналды. 2009 жылғы 1-2 шілде аралығында ел астанасында әлемдегі келісім мен үнқатысу тұрғысындағы өткір мәселелер съездің секция отырыстарында талқыланды. Кез келген түйіткілді оң шешудегі рухани көшбасшылардың роліне мән берілді. Әр жылдары форум тақырыптары да өзектене түсті. Қатысушылардың тізімі кеңейіп, мейлінше беделді өкілдер мінберден сөз алды. Сындарлы диалог алаңы биыл 7-мәрте рухани көшбасшылар мен саясаткерлерді елорда төрінде қарсы алады. Көздеген мақсат біреу – қоғамды жанжал, қақтығыстардан, радикализмнен қорғау. Қатердің алдын алып, ортақ, үйлескен келісімге үн қосу.

Рухани Асқар, Ернар Демесін

Сондай-ақ...