Дін көшбасшыларының съезінде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуы сөз болады

Басқосуда қандай мәселелер қаралатынын тікелей қосылымға шыққан арна тілшісі Назерке Әбдірахманқызы баяндайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Назерке Әбдірахманқызы, тілші:

– Жиын бір сағаттан кейін басталады. Қазір Бейбітшілік және келісім сарайында соңғы дайындық жұмыстары пысықталуда. Сьезге 50 елден 100-ден аса делегат қатысады деп күтілуде. Мәртебелі меймандар кешеден бері елордаға ағылды. Әлем назары қазір Қазақстанға ауды десем артық айтпаспыз. Кешеден бері Рим папасының сапарын отандық және шетелдік ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Ал бүгінгі сьез жұмысы қызу. Басқосуда пандемиядан кейінгі кезеңдегі ахуал талқыланады. Атап айтқанда, адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуында көшбасшылардың рөлі сөз болады. Бұл тақырып бүгінде өзекті. 2 жыл бойы дендеген індет жер шарын әбігерге салды. Қазір тек экономиканы қуаттап қана қоймай, халықты рухани демеу қажет. Дін көшбасшылары өзара ақылдаса келе, бір-бірімен тәжірибе алмасады. Қатысушылар тек өзекті мәселелерді қаузап қана қоймай, арнайы жүлдеге де ие болады. Қазір бір сағаттан кейін басталатын пленарлық отырыс кезінде «Дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін» Астана халықаралық сыйлығының номинанттары марапатталады. Оларға съездің құрмет медальдары табысталады.

Сьезд жұмысы дұға жасауға арналған бір минуттық үнсіздікпен басталады. Одан кейін Мемлекет басшысы қатысушыларға өзінің құттықтау сөзін арнайды. Сосын Рим папасы Фрациск, әл азһар жоғары имамы Шейх Мухаммед Ахмад ат-Тайеб сөз алады. Шақырылған мәртебелі меймандардың қатарында Израильдің бас сефард раввині Иосиф Ицхак та бар. Сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш жиын қатысушыларына бейнеүндеу жолдайды. Құттықтау сөзі демекші, кеше Рим папасының еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің ұйысқан ынтымағын домбыраның қос шегінің үйлесімділігіндей үндеседі дегені ерекше әсер етті. Ал жиын барысын көзі қарақты көрермен «Хабар» арнасынан қарай аласыздар. Біз тікелей эфирде кһрсметеміз. Басты ақпараттық арна қосулы болсын!