Қ.Тоқаев: Халықаралық қауіпсіздіктің бұрынғы жүйесі ескіріп барады

Гуманизм қағидаларына сүйенген абзал. Әлемдік дәстүрлі діндер съезінде сөз алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық қауіп-қатер мен оның шешіміне қатысты ойын білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы атап өткендей, әлемдегі экстремизм мен терроризм мәселесі өткір тұр. Ал энергетикалық дағдарыс көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуде кедергі келтіріп тұр. Соңғы жылдарғы алапат табиғи апаттардан келген шығын 3 трлн АҚШ долларына жеткен. Жаһан жүзі экономикалық, экологиялық дағдарысқа ұшыраған тұста ұлтаралық араздық пен мемлекетаралық кикілжіңдер жығылғанға жұдырық боп тиетіні аян.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі қатерлерге төтеп беруде не нәрсеге иек артамыз? Бұл сауалға тарихтың өзі айқындап берген жалғыз ғана жауабы бар. Түзу ниет, диалог және халықаралық әріптестік. Жетістікке кепіл беретін өзге дүние жоқ. Қай мәселе болмасын, БҰҰ-ның жарғылық қағидасына сай Қазақстан қашан да дөңгелек үстелдің басында диалог құра отырып, келелі шешімге келуге үндейді. Үркітіп-қорқыту, санкция салу, күш қолдану бұлардың ешқайсысы түйткілдің түйінін тарқатқан емес. Осындай кезде гуманизмнің қағидасына сүйенгеніміз абзал. Мұндайда әрине, дәстүрлі діндердің маңызы зор. Адам өмірі мен құқығы, әркімнің мүддесін ескеру, ашықтық - осының бәрі жаңа қауіпсіздік жүйесінің бағанасы болуы тиіс.