Қ.Тоқаев: Қазақстан – рухани келісімнің мекені

Мемлекет басшысы әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің ашылуында елдегі түрлі дін мен ұлыс өкілдеріне құрмет тарихтан келе жатқан құндылық екенін атап өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мысалы, археологтар Алматы облысындағы Қойлық деген қала орнынан 12-14 ғасырларға тән ислам, христиан және буддизм дінінің ғибадатханалары іргелес тұрғанын анықтаған. Одан бөлек елдің әр түкпірінде орналасқан көне шіркеулер мен мешіттер соған дәлел. Қасым-Жомарт Тоқаев диалог пен ынтымақтастықты дамыту мемлекет саясатының маңызды бөлігі екенін тілге тиек етті. Бүгінде елімізде 100-ден аса этнос өкілі бар. 18 конфессия тіркелген. 4000-нан аса діни ұйым халық игілігіне жұмыс істеп тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шын мәнінде Қазақстан аумағы барлық әлемдік діндердің көрініс тапқан киелі орындарының картасы іспетті. Мұсылмандар Арыстан бабтың, Қожа Ахмет Яссауидің кесенелеріне, Бекет атаның жер асты мешітіне және басқа да қасиетті жерлеріне барып зиярат етеді.