Түзу ниет, диалог және халықаралық әріптестік. Қауіп-қатердің қалқаны

Бүгін әлемдік және дәстүрлі діндер съезі ресми түрде ашылды. Қазақстанда 4 мыңнан аса діни ұйым халық игілігіне жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

100-ден аса этнос өкілі Қазақстанды отаным деп біледі. Қазіргі Алматы облысында Қойлық деген көне шаһардың орны сақталған. Археологиялық зерттеу көрсеткендей, сол шаһарда ХІІ-ХIV ғасырларға тән ислам, христиан және будда ғибадатханалары іргелес тұрған. Еуразия кіндігінде мекен еткен арғы бабаларымыз дінаралық татулықты ту еткенін осыдан-ақ білуге болады. Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің ашылуында Қасым-Жомарт Тоқаев осындай дерек келтірді. Дәстүр сабақтастығы әлі де сақталып келеді. Президент ынтымақтастықты дамыту мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шын мәнінде Қазақстан аумағы барлық әлемдік діндердің көрініс тапқан киелі орындарының картасы іспетті. Мұсылмандар Арыстан бабтың, Қожа Ахмет Яссауидің кесенелеріне, Бекет атаның жер асты мешітіне және басқа да қасиетті жерлеріне барып зиярат етеді

Халықаралық қауіпсіздіктің бұрынғы жүйесі қазіргі кезде ескіріп барады. Әлемдегі экстремизм мен терроризм мәселесі өткір тұр. Жаһан жүзі экономикалық, экологиялық дағдарысқа ұшыраған тұста, ұлт-аралық араздық пен, мемлекетаралық кикілжіңдер, жығылғанға жұдырық боп тиетіні аян. Президент жаһандық қауіп-қатер мен оның шешіміне қатысты ойын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі қатерлерге төтеп беруде не нәрсеге иек артамыз? Бұл сауалға тарихтың өзі айқындап берген жалғыз ғана жауабы бар. Түзу ниет, диалог және халықаралық әріптестік. Жетістікке кепіл беретін өзге дүние жоқ. Қай мәселе болмасын, БҰҰ-ның жарғылық қағидасына сай Қазақстан қашан да дөңгелек үстелдің басында диалог құра отырып, келелі шешімге келуге үндейді. Үркітіп-қорқыту, санкция салу, күш қолдану - бұлардың ешқайсысы түйткілдің түйінін тарқатқан емес. Осындай кезде гуманизмнің қағидасына сүйенгеніміз абзал. Мұндайда әрине, дәстүрлі діндердің маңызы зор. Адам өмірі мен құқығы, әркімнің мүддесін ескеру, ашықтық - осының бәрі жаңа қауіпсіздік жүйесінің бағанасы болуы тиіс.

Энергетикалық дағдарыс көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуде кедергі келтіріп тұр. Осыған қатысты Президент тағы бір дерек келтіре кетті. Соңғы жылдардағы табиғи апаттардан келген шығын 3 трлн АҚШ долларына жеткен. Мемлекет басшысының бұл ойын Әл-Азһар Жоғарғы имамы, Шейх Мухаммад Ахмад, Ат-ТайИб та сабақтай кетті. Әлемдегі табиғи апаттарға адами фактор себеп.

Шейх Мұхаммад Ахмад Ат-Тайиб әл-Азһар жоғарғы имамы:

– Бұл апаттың барлығы өркениетте адам өз қолымен жасағаннының салдары деп ойлаймын. Бір адамның басқа адамға деген қарым-қатынасының бұзылуынан. Адам мұндай қылмысқа бармауы үшін, қасиетті дүниеге қол сұқпауы үшін бірлік қағидатын ілгерілету керек.

Съезде сөз алған Рим папасы қазақтың ойшыл ақыны Абай Құнанбаевтың пәлсапасына тереңінен бойлағанын аңғартты. Абай философиясының өзектілігі сол – қазіргі заманның проблемалары дөп айтылып, қамтылған. Рим Папасы Францисктің сөзінше, дүниежүзіндегі ең басты мәселе – кедейшілік. Әлсіздерге Мемлекеттік деңгейде демеу көрсетілуі керек, – деді ол. Сондай-ақ дін өкілдері әлемдегі қақтығыстарды тоқтатуда әрі бірлесе әрекет ету керектігін айтты.

Франциск, Рим Папасы:

Әлем қазір қару-жараққа қыруар қаржы құйып жатыр. Негізінен бұл ақшаны білімге салу қажет деп есептеймін. Сонда ғана адамзат алға жылжи алады. Әлемдегі ахуал да ушығып тұр. Түрлі қақтығыстардан бөлек, адамгершілік азайып, табиғатқа орасан зиянымызды тигізіп жатырмыз. Дүниежүзіне ортақ диолог қажет. Барлық дін өкілдері осы үшін жұмыс істеуі тиіс.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сьезі жер бетіндегі гуманизмді арттырып, жұртшылықты достыққа шақыруда ерекше рөл атқарады. Съезге қатысушылардың бұл ойы бір арнаға тоғысқан. Түрлі дін өкілдерінің басын қосқан жиынның, өміршең болуына тілектестігін білдірді.

Авторы: Бақыт Топтаева