Діндер көшбасшыларының съезі қалай өтіп жатыр

Бүгін ел астанасында, өтіп жатқан діндер көшбасшыларының съезіне бүкіл әлем мемлекеттері көз тігіп отыр. Тәуелсіздік сарайында ұйымдастырылған шарадан 300-ге жуық бұқаралық ақпарат құралының өкілдері хабар таратуда. Басқосу қонақтары, айтулы кездесу, халықаралық талаптарға сай өтіп жатқанын айтуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Қазақстанның астанасында алғаш рет 2003 жылы өткен. Коронавирус індетінің өршуіне байланысты былтыр бұл шараны 1 жылға шегеру туралы шешім қабылданды. Соның арқасында съезге дайындалуға уақыт жеткілікті болды. Ел астанасында маңызды басқосу өтетінін қала көшелеріндегі көріністен байқауға болды. Сол жағалаудың басты даңғылдарындағы қауіпсіздікті жүздеген тәртіп сақшысы қамтамасыз етіп жатыр. Кешеден бері қалаға ағылып жатқан шетелдік қонақтар айтулы шараны ұйымдастыру деңгейіне жоғары бағасын беріп үлгерді.

Халед бен Халифа Хамад, Бейбіт өмір сүру жаһандық орталығы қамқоршылар кеңесінің төрағасы:

– Осындай шараның қатысушысы болғаныма қуаныштымын. Мұнда бүкіл әлем елдерінен мәртебелі меймандар жиналды. Қазақстан осындай съезді ұйымдастырып, бәріміздің басымызды қосқаны мені қатты қуантты.

Съездің басты қонақтары келіп, жалпы отырыс басталмас бұрын ұйымдастырушылар тыным тапқан жоқ. Олар қолдарындағы тізімдерін бірнеше мәрте тексеріп, барлық қатысушының бабын табуда. Кіреберістегі күзет өкілдері де қонақтардың тез арада өтуін қамтамасыз етуде. Мұсылман қауымы үшін ғимаратта намаз оқитын бөлме ашылды. Ал қалағандар кез келген уақытта медициналық қызметкердің көмегіне жүгіне алады. Тәуелсіздік сарайында үлкен пресс-орталығы ұйымдастырылды. Бразилия, Жапония, Израиль сынды мемлекеттерден 300-ге жуық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері осында жайғасты. Олардың қиындықсыз жұмыс істеуі үшін қажетті материалдық-техникалық база жасақталған.

Юдит Судиловски, Jerusalem Post тілшісі:

–- Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Сіздің мемлекетіңіз осындай ауқымды шараны өте жоғары деңгейде өткізіп жатқанына куәміз. Мұнда әлемнің түкіпір-түкпірінен келген түрлі дін өкілдері бар. Бізге осы жерде жұмыс істеп, материал жазу өте ұнап жатыр.

Тілшілер съезд сессиялары арасындағы үзілісті пайдаланып, басқосу қатысушыларымен сұхбаттасып үлгеруде.

Айта кетерлігі, бұл шара ертең де жалғасын табады. Бұл кездесудің маңызды түйіткілдерді талқылайтын алаң ғана емес, халықаралық аренада елдің оң имиджін қалыптасыруға септігін тигізеріне сенім мол.

Авторлары: Дариға Ташенова