ШЫҰ-ның саммитіне дайындық жүріп жатыр

Өзбекстан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшыларын төртінші рет қабылдайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейінгі саммиттер Ташкентте өткен. Биыл алғаш рет мемлекет басшылары Самарқандта бас қосады. Бұл жиынның мән маңызы зор. Өйткені  ұйымның географиялық аумағы кеңейеді. Осы мақсатта Заманында әмір темірдің ордасы болған көне шаһарға 14 елдің президенті табан тірейді.

Ұйымға мүше сегіз мемлекеттің басшылары үш жылдан бері толық құрамда жүзбе жүз кездесе алмады. Самарқандағы саммитке барлығы түгел келуге ниетті. Мәртебелі меймандарды қарсы алуға Өзбекстан ерекше дайындық үстінде. Әсіресе қауіпсіздік мәселесі басты назарда. Көшелерде көлік қатынасы азайып, базарлар мен киім кешек дүкендері уақытша жабылды. Әр адым сайын тәртіп сақшылары тізіліп тұр. Кей жерлерде ауыр техника қойылып, атты әскер жасақталған. Қала берді әуеден де бақылайды.

Өзбекстан алқалы жиынға дайындықты кеше не бүгін бастаған жоқ. Саммит Самарқанда өтеді деген шешім шыққалы мұнда ірі жобалар қолға алынған. Екі үш жыл ішінде жаңа әуежай салынып, тарихи шаһар ішінде заманауи қала бой көтерді. Аумағы 260 гектар жерде ұйымға мүше сегіз мемлекетке арналған сегіз қонақ үй, үш жарым мың адамға арналған конгрес орталығы бар. Самиттің негізгі шаралары осы жерде өтеді. Ал жиыннан кейін жаңа қала халықаралық туристк орталық болады. Самитте талқыланатын мәселенің бірі осы туризм саласына арналмақ.

Азиз Абдухакимов, Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары:

- Ұйымға мүше мемлекеттердің тұрмысын жақсартуға әсер ететін бірден бір сала туризм. Бұл жаңа жұмыс орындары және ішкі жалпы өнімнің артуына сеп болады. Қазір мүше мемлекеттердің осы бағытта келіссөздер жүргізуді бастадық. Оның ішінде виза талаптарын жеңілдету, шекарадан жылдам өту және билет бағасын қолжетімді ету мәселелері талқыланып жатыр.  Оны жүзеге асырудың түрлі жолдары бар.

Ұйымның негізгі мақсаты да осы. Азаматтар арасында барыс келісті арттырып, өзара ынтымақтастықты, бейбітшілікті, тұрақтылықты сақтау және өңірдегі қауіпсіздікті қолдау. Бұл тақырып қазір өте өзекті. Өйткені соғыс қайта өршіп кетуі мүмкін өңірлер бар. Бір біріне қырын қарап, қару кезеніп отырғандар да аз емес. Осы тұста Қазақстанның ұстанымы мен ұсыныстарына құлақ асу керек дейді ұйымның бас хатшысы.

Чжан Мин, ШЫҰ бас хатшысы:

- Қазақстан Ұйымның негізін қалаушы мемлекеттердің бірі. Ел ішінде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау арқылы көпке үлгі көрсетіп келеді. Оның үстіне Қазақстанды Орталық Азияның өзегі деуге болады. Бірнеше ірі елді байланыстырып тұр. Әлемде аласапыран болып жатқанда ішкі тұрақтылықты сақтап қалуға ауызбіршілік пен ұйымшылдық керек. Қазақстанда ол бар. Жалпы Шаңхай ынтымақтастығы ұйымының да дамуы Қазақстан сияқты байланыстырушы елдің дамуына тәуелді.

Қазір Шаңхай ынтымақтастығы ұйымына сегіз мемлекет мүше. Саммит қарсаңында осы елдердің өкілдері Самарқанға келіп, өз мәдениеті мен дәстүрін дәріптеп жатыр. Әуелеген ән, мың бұралған би қалада мерекелік көңіл күй орнаған.

Саммит жұмысы екі күнге жоспарланған. Мұнда халықаралық мәселелерді талқылаумен қатар ұйымның географиялық аумағын кеңейту жайы қарастырылады. Самарқанда Шаңхай сегіздігіне Иран қосылып, алып тоғыздыққа айналмақ. Ұйымның болашағы бағдарланатын жиынға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысады.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Айдаос Меделбеков, Бақытбек Нұртаев