Дін көшбасшылары съезінің декларациясы қабылданды

Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VII съезінің жабылу салтанаты өтті. Жиынға қатысқан мәртебелі меймандар үнқатысу алаңын ұйымдастырған қонақжай қазақ еліне алғысын айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алқалы жиында Мемлекет басшысы маңызды міндет жүктеді. Қасым-Жомарт Тоқаев 2023-2033 жылдарға арналған сьезд жұмысының тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Ал Рим Папасы қазақ халқының тағы бір ерекшелігін сөз етті.

Назерке Әбдірахманқызы, тілші:

2 күн бойы әлемнің назары елордаға ауды. Мұнда айтылған өзекті ойлар жер жаһанға тарап жатты. Ұтымды пікірлер тек айтылып қана қоймай, қорытынды декларация топтастастырылды. Құжат әлем халқына жасалған үндеу болып табылады. Декларацияда 35 түрлі мәселе көрініс тапты. Қауіпсіздікті сақтаудан бастап, зорлық-зомбылық әрекеттерін тоқтату қажеттігі ашық жазылған. Этникалық топтардың құқығы тапталмауын қамтамасыз етуге айрықша мән берілді. Әскери қақтығыстар мен қантөгістерді болдыртпау да маңызды міндет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақ жері екі күннен бері түрлі мәдениеттердің сындарлы сұхбат орталығына айналды. Дүние жүзіндегі беделді дінбасылар бір шаңырақтың астына жиналды. Сіздер барша адамзаттың күш-жігерін ортақ мүддеге жұмылдыру үшін әлемнің әр түкпірінен келіп отырсыздар. Осының өзі дінаралық келісім мен ынтымақтастықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Шын мәнінде, бәріміздің мақсатымыз бір. Бұл – өркениеттер үндестігін орнату және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту.

Әлемге бейбітшілікті үндеген Қазақстанның бастамаларына Рим Папасы қолдау білдірді. Мәртебелі мейманның айтқан әрбір сөзі біздің елге деген ерекше ықыласын көрсетеді. Бұған дейін жұртшылықпен кездескенде, біздегі ұлтаралық татулықтың домбыраның қос ішегінің үндесітігіне балады. Ұлы ойшыл Абайдың терең мағыналы пәлсапасына үнілді. Ал енді бүгін Көкте желбірген көк тудың мән-мазмұнын суреттеп берді. Әнұрандағы «Алтын күн аспаны» деген сөз жолдары еркіндікке ұмтылған қазақтың белгісі. Мол мәдениетіміз бен бай тарихымыз Рим Папасын тәнті етті. 

Франциск, Рим Папасы:

Қазақстан Азия континентіндегі біздің үнқатысу алаңына айналды. Сіздердің елдеріңіздің көк туында да осы мәселе көрініс тапқан. Аспанда қалықтаған қыран құс жер шарына билік жүргізуді бейнелейді. Бұл көне империяны еске салады. Ал көк аспан еркіндік пен ашықтықтың символы. 

Еркіндікке ұмтылған халықтың әлемге бейбіт өмірді насихаттайтын бастамалары аяқсыз қалмауы тиіс.Бұл ретте дін көшбасшыларының сьезі маңызды рөл атқарады. Мұны алқалы жиынға қатысушылар ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы оларға қолдау білдірді. Сөйтіп съез жұмысын дамытудың алдағы 10 жылға арналған тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Съезде көптеген салмақты ой, салиқалы пікір айтылды. Оның бәрі біздің үйлесімді әлем құру жолындағы іс-әрекетімізге оң ықпалын тигізеді деп санаймын. Мен алқалы жиынға арнайы келген әлемдік деңгейдегі рухани көшбасшыларға зор алғыс айтамын. Сондай-ақ біздің бастамамызға қолдау көрсеткен саясаткерлер мен халықаралық ұйым өкілдеріне шынайы ризашылығымды білдіремін.

3 жылда бір рет өткізілетін алқалы жиын осымен мәресіне жетті. Сьезд барысынан 60 шетелдік БАҚ-тың 200-ге жуық өкілі ақпарат таратты. Отандық журналистер де әріптестерінен қалыс қалмады. Дін көшбасшыларының келесі басқосуы енді 2025 жылы өтеді.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Марат Әріпханов