Рим Папасы елордадағы шіркеуге барды

Қазақстанға сапарының соңғы күнінде Рим Папасы жергілікті католик шіркеуіне барып, дін жолындағы қызметкерлермен жүздесіп, солармен бірге ғибадат етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиырма жыл бұрын Иоан Павел ІІ аяқ басқан кафедралды собор дінбасын қалай күтіп алды? Шексіз қолдау көрсетуші Әулие ана атындағы католик шіркеуінің келушілері Рим Папасын таң атпастан тағатсыздана күтті. Папаға арналған тақ, діни жоралғыға керек-жарақ – барлығы хаттамаға сай әзірлеген дүние. Межеленген уақытында дінбасы әдеттегідей папамобилімен келіп жетті. Бұған дейін домбыраның үні мен қос ішегінің құдыретін сөзіне қосқан Францискті бұл жолы да дәстүрлі саз ансамблі күтіп алды.

Кафедралды соборға кірген соң Рим Папасы алдымен төрдегі Иса пайғамбар мен Әулие ана бейнеленген суреттерге қаратып діни ишарат жасады. Жергілікті дін қызметкерлері орайлы сәтті пайдаланып, Папаға жылы лебізін білдірді. Бұдан кейін дәстүр бойынша уағыз айтылып, дұға оқылды.

Бір жарым сағатқа ұласқан рәсімнен кейін Рим Папасы дін жолындағылармен жеке амандасып, ізінше олармен бірге естелік суретке түсті. Шіркеудің елеулі іс-шарасына қатысу үшін Польша, Ресей, Қытай, Малайзия мен Кениядан ат терлетіп келгендер бар.

Сібір, Түмен, Сургуттан бір топ делегат әдейі Папа Францискпен кездесуге келдік. Мұндай мүмкіндіктің туғанына қатты қуандық. Осында келгендердің барлығы бүгін сондай шат-шадыман күйде.

Бала кезімде Рим Папасы Иоан Павел екіншіні көрсем деп армандайтынмын. Өйткені ол кісіні қашан да үлгі тұтатынмын. Ал бүгін бала күнгі арманым орындалды. Мен Рим Папасын кездестірдім. Бұл өмірімдегі ең керемет сәт.

Мен үшін бұл үлкен бір сый болды десем артық болмас. Папамен бірге құлшылық ету мәртебесі бұйырып, бақытты күй кешіп жатқан жайым бар. Бұл сәт есімде мәңгі сақталмақ.

Бақыт Топтаева,тілші:

Осымен Рим Папасы елордалық католик шіркеуіне екінші рет аяқ басып отыр. Алғаш рет 2001 жылы Иоан Павел ІІ Қазақстанға сапар шегіп, дәл осы кафедралық соборда уағыз оқыған еді. Енді, міне, араға 21 жыл салып Рим папасы Франциск қазақстандық қана емес, көршілес елдерден әдейі келген діни қызметкерлермен дәл осы шіркеуде жүздесті. Осылайша елордалық католик шіркеуінің дәрежесін тағы бір мәрте айқындап берді.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Марат Диханбаев