Мәжіліс пен Парламентаралық одақ ынтымақтастықтығы нығая түспек

Бүгін Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Парламентаралық одақ төрағасы, Португалия Республикасы Ассамблеясының депутаты Дуарте Пашекумен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Парламентшілер ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылап, бірлескен іс-шаралар өткізу жөнінде келісімге келді. Қос тарап Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінен алған әсерлерімен бөлісті. Кеше алқалы жиынға Парламентаралық одақтың басшысы да қатысқан болатын. Бұл Дуарте Пашекудың Қазақстан астанасына екінші сапары. Алғаш рет 2021 жылдың желтоқсан айында келген болатын.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы:

– Съезд нәтижесі мен декларациясы әлем елдерінің үкіметтері, халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ институттары үшін толеранттылық, өзара құрмет пен бейбітшілік мәдениетін ілгерілетуде маңызды бағдар боларына сенемін. Кейбір мәселелер Парламентаралық одақтың алдағы іс-шараларының күн тәртібіне де енгізілуі мүмкін.

Дуарте Пашеку, Парламентаралық одақтың төрағасы:

– Бұл тұрғыда Қазақстанның және ел Президентінің рөлі айрықша екенін атап өткен жөн. Өйткені сіздің ел түрлі діни ағым өкілдері бейбіт өмір сүре алатынының үлгісіне айналып отыр. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың съезд жұмысын жалғастыру және нығайту жөніндегі ұстанымы – бүкіл әлем үшін өте жақсы бастама.